тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережелер

Ескерту! Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 8 ақпандағы № 54 Бұйрығы Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 24 қыркүйектегі № 1439 Бұйрығымен күші жойылды.

Келісілді

Қазақстан Республикасы

Әділет министрлігі

2018 жылғы 23 қараша

Бекітілді

Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы

2018 жылғы 23 қараша

Адвокаттардың тағылымдамадан өтушiлерiнiң тағылымдамадан өту тәртiбi туралы ереже

1. Жалпы ережелер

1. Адвокаттардың тағылымдамадан өтушiлерiнiң тағылымдамадан өту тәртiбi туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) адвокаттың тағылымдамадан өтушілеріне (бұдан әрі – тағылымдамадан өтушілер) қабылдау шарттарын, тағылымдамадан өтушілердің тағылымдамадан өту тәртібін белгілейді.

2. Қазақстан Республикасының жоғары заң білімі бар азаматы тағылымдамадан өтуші болып табылады.

Адвокаттық қызметтiң кәсiби бiлiмдерi мен практикалық дағдыларын игеру тағылымдамадан өтудiң мақсаты болып табылады.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 34-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 9), 10) және 12) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша судьяның өкілеттіктерін тоқтатқан адамдар тағылымдамадан өтпейді.

2. Тағылымдамадан өтуге жіберу, тағылымдамадан өту туралы шарт жасасу тәртібі

3. Адвокаттық қызметпен айналысу құқығына арналған лицензияны алу үшін тағылымдамадан өтуге ниет бiлдiрген адам тағылымдамадан өтуге жiберу туралы еркін нысандағы өтiнiшпен адвокаттар алқасының төралқасына жүгiнедi.

Тағылымдамадан өтуге жiберу туралы өтінішке мына құжаттар қоса беріледі:

1) Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;

2) жоғары заң бiлiмi туралы дипломның көшiрмесi (салыстыру үшiн дипломның түпнұсқасы берiлмеген жағдайда, нотариалды куәландырылған көшiрмесi);

3) өз қолымен толтырылған өмірбаян;

4) еңбек кiтапшасы немесе заң мамандығы бойынша жұмыс өтiлiн растайтын өзге де құжат;

5) тағылымдамадан өтуге ниет білдірген адамның тұрғылықты жері бойынша наркологиялық және психиатриялық диспансерлер берген анықтамалар;

6) соттылығының жоқтығы не болуы туралы анықтама;

7) мөлшері 3х4 см екі фотосурет;

8) кадраларды есепке алу парағы.

4. Адвокаттар алқасының төралқасы өтінішті қарау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

1) тағылымдамадан өтуге жіберу туралы;

2) тағылымдамадан өтуге жіберуден бас тарту туралы.

Адвокаттардың тағылымдамадан өтушiлер санының көп жинақталуы себепті тағылымдамадан өтуге жiберуден бас тартуға жол берiлмейдi.

Тағылымдамадан өтуге жiберу туралы өтiнiш бойынша шешім бес жұмыс күні ішінде қабылданады.

5. Тағылымдаманың жектекшісі ретінде кемінде бес жыл адвокаттық қызмет өтілі бар адвокатты адвокаттар алқасының төралқасы белгілейді.

Тағылымдамадан өту кезеңінде тағылымдамадан өтуші еңбек шарты бойынша адвокаттың көмекшісі ретінде жұмысқа қабылдануы мүмкін.

6. Тағылымдаманың ұзақтығы алты айдан бір жылға дейін құрайды.

7. Адвокаттар алқа төралқасының төрағасы, тағылымдаманың жектекшісі және тағылымдамадан өтуші тағылымдамадан өтуге жіберу туралы шешім қабылдаған күні тағылымдамадан өту туралы шарт жасасады.

Тағылымдамадан өту туралы шартта:

1) шарт жасасу күні мен орны;

2) тараптардың атауы;

3) тағылымдамадан өту орны;

4) тағылымдамадан өтушінің, тағылымдама жетекшісінің, адвокаттар алқа төралқасының және адвокаттар алқа төралқасы төрағасының құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі;

5) жұмыс уақытының режимі;

6) адвокаттар алқасының төралқасына тағылымдамадан өту барысы туралы есеп беру мерзімдері;

7) тағылымдамадан өтудің ұйымдастырылуы үшін төленетін жарнаның мөлшері мен төлеу мерзімі. Сонымен бiрге тағылымдаманың әрбiр айына арналған төлем есептеу күнiне белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң он есесiнен аспайтын мөлшерде белгiленедi.     

8) тағылымдамадан өту төлемі адвокаттар алқа төралқасының кассасына немесе есеп шотына әр айдың 25-не дейін адвокаттар алқасының бухгалтериясы беретін кассалық тапсырыс ордері арқылы немесе банктік төлем құжаты бойынша жүргізіледі;

9) осы ережеге және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да жағдайлар көрсетіледі.     

8. Тағылымдамадан өту туралы шарт адвокаттар алқа төралқасы төрағасының, тағылымдамадан өтушінің, тағылымдама жетекшісінің қол қоюымен және адвокаттар алқасының мөрімен бекітіледі.

3. Тағылымдамадан өту тәртібі мен шарттары

9. Тағылымдама күндізгі нысанда, тағылымдамадан өтуге кандидат тұрғылықты жері бойынша тіркелген заң консультациясында немесе адвокат кеңсесінде не адвокаттық қызметті жеке-дара жүзеге асыратын адвокаттың қарамағында  жүзеге асырылады.

10. Тағылымдамадан өтуші мен тағылымдаманың жетекшісі туралы деректер Адвокатураның бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізіледі.

11. Тағылымдамадан өтушi ретiндегi жұмыс кезеңi заң мамандығы бойынша жұмыс өтiлiне есептеледi.

12. Тағылымдамадан өтуші адвокаттық қызметпен дербес айналысуға құқылы емес.

13. Адвокаттар алқасының Жарғысында тағылымдама барысында орындайтын жұмысы үшін тағылымдамадан өтушілерді материалдық көтермелеу шаралары көзделуі мүмкін.

14. Тағылымдамадан өту осы Ережеге қоса берiлген және оны адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы бекіткен 1-қосымшаға сәйкес Тағылымдамадан өтудің үлгi бағдарламасының негiзiнде әзірленген жеке бағдарлама бойынша жүзеге асырылады.

15. Тағылымдама аяқталғаннан кейін тағылымдамадан өтуші:

1) тағылымдамадан өту орны, оның мерзімдері мен одан өту реттілігі туралы мәліметтер;

2) тағылымдама жоспары бойынша орындалған жұмыстардың сипаты;

3) тәжірибелік дербес жұмыстың игерілген дағдылары;

4) тағылымдаманы ұйымдастыруды және өткізуді жетілдіру бойынша ескертулер мен ұсыныстар қамтылатын қорытынды есепті жасайды.

16. Тағылымдаманың қорытындысы бойынша тағылымдама жетекшісі осы Ережеге қоса берiлген 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша қорытынды жасайды.

Қорытындыға тағылымдамадан өтушінің қорытынды есебі, тағылымдамадан өтуші жасаған және оған тағылымдамадан өтуші мен тағылымдама жетекшісі қол қойған іс жүргізу және өзге де жазбаша құжаттардың жобалары қоса беріледі.

Тағылымдаманың қорытындысы туралы материалдарды тағылымдамадан өтуші тағылымдамадан өткен заң консультациясының немесе адвокат кеңсесінің басшысы, не адвокаттық қызметпен дербес айналысатын адвокат тағылымдама аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей адвокаттар алқа төралқасына енгізеді.

17. Тағылымдама материалдарын қарау нәтижесі бойынша адвокаттар алқасының төралқасы тағылымдамадан өту туралы қорытындыны бекіту туралы не тағылымдамадан өту туралы қорытындыны бекітуден бас тарту туралы шешімді қабылдайды.

Тағылымдамадан өту туралы қорытындыны бекітуден бас тарту туралы шешім уәжді болуы тиіс. Тағылымдамадан өту туралы қорытындыны бекітуден бас тарту туралы шешіммен келіспеген жағдайда Республикалық адвокаттар алқасына немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.

Тағылымдамадан өтпеген адам тағылымдамаға жалпы негіздерде қайта жіберіледі.

18. Тағылымдамадан өту кезеңінде тағылымдамадан өтуші тағылымдама жетекшісінің басшылығымен адвокаттар алқасын ұйымдастыру қағидаларымен және қызметімен танысады, заңды көмек алуға жүгінген тұлғаларды адвокаттың қабылдауын ұйымдастыру, құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттарды жасау, қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізудің және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізудің әртүрлі кезеңдерінде нақты істі жүргізу тәртібін, қылмыстық қудалаудан не әкімшілік құқық бұзушылықтан жәбірленген адамдардың мүдделерін білдіруді жүзеге асыру ерекшеліктерін зерделейді.

Тағылымдамадан өтуші іс жүргізу құжаттарының жобаларын дербес жасайды және оларды тағылымдаманың жетекшісіне тексеруге ұсынады.

19. Тағылымдамадан өтуші азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдеріне адвокаттар заң консультацияларын берген кезде, тағылымдама жетекшісінің тапсырмасы бойынша және тергеушінің немесе анықтаушының, және/немесе прокурордың рұқсатымен тергеу және іс жүргізу әрекеттері өткізілген кезде, сондай-ақ олардың материалдарында мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтер қамтылған істерді қоспағанда, олар бойынша қорғаушы және/немесе өкілі ретінде тағылымдама жетекшісі немесе басқа да адвокаттар сөз сөйлейтін істер бойынша сот отырыстарында қорғаушының немесе өкілдің ұстанымын әзірлейді.

20. Тағылымдамадан өтуші тағылымдамадан өткен кезде:

1) Қазақстан Республикасы таныған халықаралық құқықтық актілерді қоса алғанда адвокаттық қызмет және адам құқықтарын қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді зерделейді;

2) заң консультациясында, адвокат кеңсесінде тағылымдамадан өтушілер үшін ұйымдастырылатын сабақтарға тұрақты түрде қатысады;

3) адвокаттар алқасының төралқасы тағылымдаманы ұйымдастыру шеңберінде өткізетін іс-шараларға қатысады;

4) осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тағылымдама күнделігін жүргізеді;

5) адвокаттар алқасының төралқасына тағылымдамадан өту туралы шартта белгіленген мерзімдерде тағылымдаманың барысы туралы есеп береді;

6) тағылымдама мерзімінің аяқталуы бойынша қорытынды есепті дайындайды.

Есепке тағылымдамадан өтуші мен тағылымдама жетекшісі қол қойған, тағылымдамадан өтуші тағылымдама уақытында жасаған іс жүргізу және өзге де жазбаша құжаттардың жобалары қоса беріледі.

21. Тағылымдамадан өтушілер туралы ақпаратты жедел алу мақсатында, адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы тағылымдамадан өтушілер туралы деректерді Адвокатураның бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізу үшін жауапты тұлғаны тағайындайды және олардың уақтылы толтырылуын бақылайды.

4. Тағылымдамадан өту туралы шартты тоқтату және бұзу тәртібі

22. Тағылымдамадан өту мерзімі аяқталғаннан кейін тағылымдамадан өту туралы шарттың әрекет етуі тоқтатылады.     

23. Тағылымдамадан өту туралы шарт мына жағдайлар бойынша тоқтатыла тұрады:

1) тағылымдамадан өтушінің екі ай қатарынан тағылымдамадан өту жарналарын төлемегенде;

2) тағлымдамдан өтуші дәлелді себептер бойынша тағылымдаманы жалғастыру мүмкін болмағанда (қатарынан екі айдан астам уақыт жұмыс істеуге уақытша жарамсыздық, жүктілік және босану, не бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыста болған кезеңінде және басқа да дәлелді себептер бойынша).
24. Тағылымдамадан өту туралы шарт мына жағдайлар бойынша тоқтатылады:

1) тағылымдамадан өтуші өз еркімен тағылымдамадан өту шартын тоқтату туралы өтініш беру;

2) тағылымдамадан өтуші тағылымдамадан одан әрі өтуімен ұштаспайтын Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын, Адвокаттар алқасының жарлығын, адвокаттардың кәсіби этикасын бұзғанда;

3) тағылымдамадан өтуші осы Ереженің және тағылымдамадан өту туралы шарттың талаптарын сақтамағанда;

4) тағылымдамадан өтуші қылмыстық жауапкершілікке тартылғанда не одан ақталмайтын негіздер бойынша босатылғанда.

25. Тағылымдамадан өту туралы шарт осы Ереженің 22-тармағының 2) – 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша бұзылған жағдайда, тұлға тағылымдамадан өтуге шарт бұзылған күннен бастап бір жылдан кейін жіберіледі.

5. Қорытынды ережелер

26. Осы Ережемен регламенттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасында және Адвокаттар алқасының жарғысында көзделген тәртіпте шешіледі.

Адвокаттардың тағылымдамадан
өтушiлерiнiң тағылымдамадан өту тәртiбi туралы ережеге

1-қосымша
 

Адвокаттардың тағылымдамадан өтушiлерiнiң тағылымдамадан
өтуінің үлгі бағдарламасы


1. Теориялық бөлім

1. Адвокаттардың тағылымдамадан өтушiлерiнiң тағылымдамадан өтуі кезеңінде зерделеуге жататын заңнамалық актілер бойынша мәселелердің үлгі тізбесі:

1) Адвокатураны ұйымдастыру мен қызметінің құқықтық негіздері.

адвокатураның мақсаты, адвокатура мен адвокаттық қызметтің ұғымы, мақсаттары, міндеттері және әлеуметтік құндылығы;

адвокатура институтының қалыптасуы және даму тарихы, шет елдердегі адвокатура;

адвокаттық қызмет белгілері, адвокатура туралы заңнама;

адвокаттық қызметті ұйымдастыру қағидалары;

адвокаттар алқасы, оның органдары, адвокаттар алқасы органдарының өкілеттіктері, адвокаттар алқасының жарғысы;

адвокаттық қызметті ұйымдастыру нысандары;     

адвокаттың құқықтық мәртебесі, адвокат кәсібіне рұқсат беру тәртібі;

адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия беру, лицензия беруден бас тарту, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензиядан айыру, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия әрекетін тоқтата тұру және тоқтату;

адвокаттар алқасы мүшесінің құқықтары мен міндеттері;

адвокаттың іс жүргізу құқықтары мен міндеттері, заңды тыйым салулар, адвокаттық қызметтің кепілдіктері, адвокаттың жауапкершілігі;

адвокаттың еңбек ақысы, адвокаттық қызметке салық салу;

адвокаттың қылмыстық және азаматтық істер, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер жөнінде мақсатты заң көмегін көрсету бойынша қызметі, адвокаттар ақысыз көрсететін заңгерлік көмек, адвокаттар көрсететін заң көмегіне ақы төлеу және олардың қорғаумен, өкілдік етумен байланысты шығыстарын республикалық бюджет есебінен өтеу;

адвокаттар мен адвокаттардың тағылымдамадан өтушілерінің тәртіптік жауапкершілігі.

2) адвокаттың кәсіптік әдебі:

әдептің адвокат қызметіндегі мәні мен мазмұны, адвокаттардың кәсiптiк әдебi кодексi;

адвокат құпиясы, адвокаттың әртүрлі қызмет саласындағы мінез-құлық әдебінің ережелері: адвокат-әріптес, адвокат–қорғалатын адам, адвокат–сенім білдіруші жүйесіндегі адвокаттың мінез-құлық әдебінің ережелері, адвокаттың құқық қорғау органдарымен және сотпен өзара қарым-қатынас жасаудағы мінез-құлық әдебі, адвокаттың консультация беру, тапсырманы қабылдау (шарт жасау), мүдделер тартысындағы мінез-құлық әдебі;

заң көмегін көрсету және адвокаттың еңбек ақысын төлеу туралы шарт жасасқан кезде адвокат әдебінің ережелерін сақтау;

адвокат және бұқаралық ақпарат құралдары, заң көмегін көрсету туралы ақпаратты таратудың әдептік негіздері;

адвокаттың қоғамдық маңызды міндеттері, адвокаттың жеке басының кәсіби маңызды қасиеттері;

3) адвокат қызметінің стандарттары:

адвокат қызметін ұйымдастыру негіздері, адвокаттың іс-жүргізу іс-әрекетінің стандарттары;

адвокаттың шешендік өнерінің негіздері, қорғау сөзін құрудың логикалық, психологиялық, әдептік негіздері, қорғау сөзінің коммуникативтік қасиеттері;

адвокаттың қызметін жоспарлау;

адвокаттық іс жүргізу, оны қалыптастыру тәртібі;

құжаттарды дайындау кезеңдері, адвокаттың құжаттарды жасауының заң техникасы, оның маңызы және элементтері (ережелері, құралдары, тәсілдері;

адвокаттың өкілеттіктерін куәландыру;

4) адвокаттың консультативтік жұмысы:

адвокаттың консультативтік жұмысының ұғымы, оның мақсаттары мен міндеттері, консультация беруді ұйымдастыру және өткізу тәртібі;

сұхбат жүргізу және оның кезеңдері, сұхбат жүргізудің психологиялық аспектілері, әңгімені құрудың тәсілдері;

консультативтік қызмет түрлері: консультациялар, құқықтық мәселелер бойынша анықтамаларды дайындау және беру тәртібі;

консультация кезеңдері: консультацияның жалпы жоспарын дайындау, жағдайды құқықтық бағалау, істің перспективасын ашу, жүгінген адамның мінез-құлық нұсқаларына және жағдайдың дамуының ықтимал нұсқаларына қатысты ұсынымдар беру және басқа да мәселелер;

5) адвокат қылмыстық іс жүргізуде:

қылмыстық іс жүргізу кезеңдері, адвокаттың қылмыстық істер бойынша қорғаушы ретінде және жәбірленушінің өкілі ретінде қатысуы, олардың құқықтары мен міндеттері, құқықтық жағдайы, қылмыстық іс жүргізуде қорғаушы ретінде заң көмегін көрсетудің тәсілдері мен әдістері;

адвокатты шақыру, тағайындау және ауыстыру, адвокаттың қылмыстық іс жүргізуде міндетті қатысуы;

қорғаудың және өкілдік етудің негізгі құралдары, тәсілдері мен әдістері;

қорғаушыдан бас тарту, бас тартуды қабылдау шарттары;

қорғалушымен әңгімелесу;

адвокаттың сотқа дейінгі іс жүргізудегі қызметі: адвокаттың қылмыстық іс жүргізуге кірісу сәті, қорғаушының өкілеттіктері, оларды ресімдеу тәртібі, адвокаттың тергеу және іс жүргізу іс-әрекеттері жүргізілген кезде қорғаушы және жәбірленушінің өкілі ретінде қатысуы;

адвокаттың күдіктіні ұстауға және тергеу мен анықтаудың кейінгі кезеңдеріне, жеңілдетілген сотқа дейінгі іс жүргізуге қатысуы;

құпиялылықты сақтау;

өтініш беру тәртібі, қылмыстық қудалау органының іс-әрекеттері мен шешімдеріне шағым жасау, қорғаушының құқық қорғау органдарының өкілдерімен өзара қарым-қатынастары;

тергеу нысандары: жеңілдетілген сотқа дейінгі іс жүргізу, анықтау, алдын ала тергеу;

адвокаттың бірінші инстанциядағы сотқа қатысуы, адвокаттың құқықтары, міндеттері мен өкілеттіктері, істің материалдарымен танысу тәртібі және қадағалау іс жүргізуді қалыптастыру, сот отырысының хаттамасымен танысу, сот отырысының хаттамасына ескертулер дайындау және беру тәртібі, үкім түрлері, сот актілеріне шағым жасау;

сотта істі қысқартылған тәртіпте қарау;

іс жүргізу мерзімдері, іс жүргізу мерзімдерін ұзарту және қалпына келтіру;

адвокаттың сот шешімдеріне апелляциялық шағым жасау ерекшеліктері;

адвокаттың апелляциялық шағымдар, наразылықтар бойынша істерді қарауға қатысуы, қорғаушының апелляциялық инстанцияға міндетті қатысуы;

кассациялық шағым жасау ерекшеліктері, адвокаттың кассациялық инстанцияға қатысуы, адвокаттың кассациялық инстанцияға міндетті қатысуы;

апелляциялық және кассациялық шағым: жасау, беру тәртібі, реквизиттері, беру мерзімдері және оны апелляциялық және кассациялық инстанциялардың отырыстарында баяндау тәртібі;

адвокаттың сот үкімін орындауға байланысты мәселелерді шешуге қатысуы, үкімді орындауға байланысты сот қаулыларына шағым жасау тәртібі;

адвокаттың заңды күшіне енген сот шешімдерін қайта қарау бойынша іс жүргізуге қатысуы, сот үкімдері мен қаулыларын соттық қадағалау тәртібімен қайта қарау туралы өтініштерді жасау және беру тәртібі, адвокаттың өтінішті алдын ала қарауға және қадағалау алқасының отырысына қатысуының ерекшеліктері, адвокаттың қадағалау инстанциясындағы сотқа міндетті қатысу негіздері;

іс бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қайта қозғау кезеңінде адвокаттың қатысуының іс жүргізу және рәсімдік мәселелері;

адвокаттың қылмыстық іс жүргізуге жәбірленушінің өкілі, азаматтық талап қоюшы және жауапкер ретінде қатысуы;

қылмыстық іс жүргізудегі азаматтық талап арыз;

адвокат алқабилердің қатысуымен өтетін сотта: адвокаттың қорғаушы немесе өкіл ретінде қатысуының ерекшеліктері, алдын ала тыңдау, алқабилер алқасын қалыптастыру, адвокаттың сот тергеуіне қатысуының іс жүргізу ерекшеліктері, тараптардың жарыссөздерінде сөз сөйлеуінің іс жүргізу аспектілері, алқабилер алқасының шешуіне жататын мәселелерді қалыптастыру және оларды қоюға адвокаттың қатысу ерекшеліктері, алқабилердің қатысуымен сот шығарған үкімге шағым жасау ерекшеліктері;

істердің жеке санаттары бойынша адвокаттың қатысу ерекшеліктері: медициналық сипаттағы, кәмелетке толмағандардың істері және жеке айыптау істері бойынша мәжбүрлеу шараларын қолдану;

істі талдау заңгердің кәсіби дағдысы ретінде, іс бойынша ұстанымды әзірлеу және іске асыру, адвокаттың сотта жауап алуды өткізу ерекшеліктері;

адвокаттың дәлелдемелермен жұмыс істеуі, дәлелдемелерді жинау және ұсыну тәртібі, дәлелдемелерді талдау;

6) адвокат әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс жүргізуде:

әкімшілік құқық бұзушылық үшін жаза тағайындаудың жалпы қағидалары, әкімшілік жаза мерзімдерін есептеу, әкімшілік жауапкершіліктен және әкімшілік жазадан босату;

кәмелетке толмағандардың әкімшілік жауапкершілігі, кәмелетке толмағандарға әкімшілік жазаны қолдану ерекшеліктері;

салық салу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар, әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар;

әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдар, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуге қатысушылар, олардың құқықтары мен міндеттері, адвокаттың әкімшілік іс жүргізуге қатысуы;

қорғаушының міндетті қатысуы, қорғаушыны шақыру, тағайындау, ауыстыру, оның еңбегіне ақы төлеу, қорғаушыдан бас тарту;

қорғаушының өкілеттіктері, адвокат жәбірленушінің өкілі ретінде;

лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттері мен шешімдеріне оларға бағыныстылық тәртібімен шағым жасау, қорғанушылардың мүдделерін әкімшілік материалдарды қарауға өкілетті органдарда білдіру, адвокаттардың әкімшілік жауапкершілігі;

7) адвокат азаматтық іс жүргізуде:

адвокаттың өкіл ретінде қатысу негіздері, адвокаттың азаматтық істі жүргізуге тапсырманы қабылдау шарттары, тараптың өкілі ретінде адвокаттың қатысуын болдырмайтын мән-жайлар;

азаматтық іс бойынша өкіл адвокаттың өкілеттіктері: жалпы және арнайы;

азаматтық іс бойынша ұстанымды әзірлеу және іске асыру, өкіл адвокаттың құқықтық ұстанымына қойылатын талаптар, жұмыс кезеңдері;

азаматтық іс жүргізу нысанының мәні, негізгі белгілері және маңызы;

азаматтық іс жүргізудегі сот ісін жүргізу түрлері (талап қою, ерекше, ерекше талап қою, бұйрық);

азаматтық іс жүргізу қағидаттары мен кезеңдері, азаматтық істердің ведомстволық бағыныстылығы және сотқа бағыныстылығы;

дәлелдемелердің ұғымы, соттың дәлелдеуі, оның мәні, дәлелдеу субъектілері;

дәлелдемелерді жинау және ұсыну тәртібі, оппоненттердің дәлелдемелерімен жұмыс істеу;

іс жүргізу мерзімдері, іс жүргізу мерзімдерін ұзарту және қалпына келтіру;

құқықтар мен заңды мүдделерді қорғаудың талап қою нысаны, талап қою ұғымы мен құқықтық табиғатты, жауапкерді қорғаудың іс жүргізу құралдары;

тараптардың бітімгершілік келісімі;

істердің түрлі санаттары бойынша жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін білдіру тәртібі мен ерекшеліктері;

адвокаттың азаматтық істерді қайта қарау процесіне қатысуы: апелляциялық, кассациялық, қадағалау инстанциялары, азаматтық істерді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау;

сот актілерін сот қадағалауы тәртібімен қайта қарау туралы апелляциялық, кассациялық шағымдар мен өтініштерді жасау тәртібі;

8) дауларды шешудің баламалы тәсілдері:

келіссөздер, медиация, нотариат, төрелік;

аралық соттарды құру тәртібі, ұйымдастыру және қызмет қағидаттары, Қазақстан Республикасы аралық соттарының шешімдерін орындау, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы аралық соттардың маңызы, аралық талқылау тәртібі, аралық сот шешімдеріне шағым жасау және оны орындау тәртібі;

9) заңды тұлғаларды құқықтық қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қорғау бойынша адвокаттық қызмет:

заңды тұлғаларды құқықтық қамтамасыз ету түрлері мен негізгі мәселелері, адвокаттың контрагенттермен келіссөздерге қатысуы, шарттарды, келісімдерді және заңды тұлғаның басқа да жеке құжаттарын жасау, адвокаттың заңды тұлғаның өкілі ретінде мемлекеттік және өзге де органдармен және олардың лауазымды тұлғаларымен өзара іс-қимылы, шарттық-талап қою жұмысы және мәмілелердің орындалуын сүйемелдеу;

адвокаттың кәсіпкерлікті заңгерлік қорғау бойынша қызметін құқықтық реттеу және оның ерекшеліктері, адвокаттың кәсіпкерлік қызмет саласында жүзеге асыратын заңгерлік қорғау түрлері:

құрылатын шаруашылық субъектілердің ұйымдастыру-құқықтық нысандарын таңдау, құқықтық қорытындыларды дайындау, мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдармен сенімгерлердің мүдделерін білдіру;

10) адвокаттар көрсететін заңды көмектің өзге де түрлері:

заңгерлік көмек алуға жүгінген тұлғалардың мүдделерін мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда білдіру;

адвокаттың конституциялық іс жүргізуге қатысушының өкілі ретінде Конституциялық Кеңеске қатысуы;

адамның құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен танысу;

адвокаттық қызмет саласындағы халықаралық құжаттармен танысу;

адвокаттың сот актілерін орындау кезеңіне қатысуы;

салық органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдарда, азаматтармен өзара қарым-қатынастарда сенімгерлердің мүдделерін білдіру;

адвокаттың прокуратура органдарымен өзара іс-қимылы;

адвокаттың халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылы.

 2. Практикалық бөлім

Тағылымдамадан өту кезеңінде адвокаттардың тағылымдамадан өтушiлері жасауы қажет болатын іс жүргізу құжаттары жобаларының тiзбесі:

1) талап арыздар:

некенi бұзу және мүлiктi бөлу туралы;

алименттердi өндiрiп алу туралы;

әке болуды анықтау туралы;

жалақыны, зейнетақы және жәрдемақыны өндiрiп алу туралы;

еңбек, зейнеткерлiк және тұрғын үй құқықтарын қалпына келтiру туралы;

заңсыз соттаудан, қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылудан, бұлтартпау шараларын заңсыз қолданудан не әкiмшiлiк қамау түрiнде әкiмшiлiк жазаны заңсыз қолданудан азаматқа келтiрiлген зиянды өтеуге байланысты;

азаматты хабар-ошарсыз кеткен деп тану туралы;

азаматты қайтыс болды жариялау туралы;

мұрагерлiк құқығы туралы куәлiгiн жарамсыз деп тану туралы;

сату-сатып алу шартын жарамсыз деп тану туралы;

сыйға тарту шартын жарамсыз деп тану туралы;

кепiлге беру шартын жарамсыз деп тану туралы;

материалдық залалды және моральдық зиянды өтеу туралы;

заңды тұлғаны құру, қайта ұйымдастыру және таратуға байланысты;

жер учаскелерiне, ғимараттарға, үй-жайларға, құрылыстарға, басқа да объектiлерге құқықтар туралы;

жермен берік байланысты (жылжымайтын мүлік);

2) өтініштер:

сараптама тағайындау туралы;

маманды iс жүргiзу іс-әрекеттерiне қатысуға тарту туралы;

дәлелдемелердi сұратып алдыру туралы;

жабық сот отырысын өткiзу туралы;

iстi жауапкердiң тұрғылықты жерi бойынша сотқа тапсыру туралы;

тиiстi емес жауапкердi тиiстi жауапкерге ауыстыру туралы;

куәні шақыру туралы;

заң көмегiне ақы төлеуден толық немесе ішінара босату туралы;

өтiп кеткен мерзiмдi қалпына келтiру туралы;

талап қоюды қамтамасыз ету туралы;

iстi талқылауды кейiнге қалдыру туралы;

өзге де мәселелер бойынша;

3) арыздар:

соттың қарауына жатпайтыны туралы;

қарсылық бiлдiру туралы;

талап арыздан бас тарту туралы;

дәлелдемелердi қамтамасыз ету туралы;

4) заңды күшіне енген сот актісіне дау айту (шағым жасау) туралы апелляциялық, кассациялық шағымдар мен өтініштер:

мұрагерлiк құқығы туралы куәлiгiн жарамсыз деп тану туралы;

сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы;

сыйға тарту шартын жарамсыз деп тану туралы;

материалдық залалды және моральдық зиянды өтеу туралы;

жалақыны, зейнетақы және жәрдемақыны өндiрiп алу туралы;

еңбек, зейнетақы және тұрғын үй қатынастарын қалпына келтіру туралы;

заңсыз соттаудан, қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылудан, бұлтартпау шараларын заңсыз қолданудан не әкiмшiлiк қамау түрiнде әкiмшiлiк жазаны заңсыз қолданудан азаматқа келтiрiлген зиянды өтеу туралы;

5) заңды күшіне енген сот актілерін мынадай қылмыстар жасағанда қайта қарау туралы апелляциялық, кассациялық шағымдар, өтініштер:

кiсi өлтiру;

денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру;

зорлау;

ұрлық;

тонау;

алаяқтық;

қорқытып алу;

жала жабу;

балаларын асырауға арналған қаражатты төлеуден әдейi жалтару;

еңбектi қорғау ережелерiн бұзу;

жерге арналған заттай құқықтарды бұзу;

заңсыз кәсiпкерлiк;

лауазымдық өкiлеттiктерді терiс пайдалану;

пара алу;

бұзақылық;

есiрткi құралдарын немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу;

6) адвокаттық іс жүргізу, маңызы, мақсаты және оны қалыптастыру тәртібі.

Адвокаттардың тағылымдамадан
өтушiлерiнiң тағылымдамадан өту тәртiбi туралы ережеге

2-қосымша
                                                                      Нысан

 
____________________________________________ (алқаның атауы)
алқасы төралқасының отырысында бекітілді
_____ жылғы № _____ хаттама
Адвокаттар алқа төралқасының төрағасы

                     _________________________

                             қолы        т.а.ә.

Тағылымдамадан өткені туралы қорытынды

Тағылымдамадан өтушi_____________________________________________

                                                        (толық тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)

адвокаттар алқасы төралқасының 20___  жылғы № ______ қаулысының  және 20___жылғы №___тағылымдамадан өту туралы шарттың негізінде тағылымдамадан өтті.

Тағылымдама жетекшісі болып _________ жылдан аса адвокаттық  қызмет өтілі бар__________________________________________________________ заң

                                          (толық атауы)

консультациясы/адвокат кеңсесі арқылы немесе жеке дара адвокаттық қызметті жүзеге асыратын ________ жылғы №_________ лицензия бар адвокат______________________________________________________________                       

                              (толық тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)

тағайындалған.

Адвокаттардың тағылымдамадан өтушiлерiнiң тағылымдамадан өту тәртiбi туралы ереженің  6 тармағына сәйкес тағылымдамадан өту мерзімі алты ай/бір жыл (керегінің астын сызу қажет) 20___  жылғы «____» ______ бастап 20___  жылғы «____» ______ дейін белгіленген.

Тағылымдамадан өту уақытында тағылымдамадан өтушi _______________

____________________________________________________________________

                              (толық тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)

тағылымдамадан өтудің жеке бағдарламасын толық орындады.

Тағылымдама жетекшісі _________________________________________

                                               (қолы, толық тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)

Адвокаттардың тағылымдамадан
өтушiлерiнiң тағылымдамадан өту
тәртiбi туралы ережеге

3-қосымша
                                                                      Нысан

 

Тағылымдама күнделігі

Адвокаттың тағылымдамадан өтушісі ___________________________________

                                                              (толық тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)

Тағылымдамадан өту орны _____________________________________________

                                                    (толық тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)

Тағылымдамадан өту күні: ______ жылдан бастап _____ жылға дейін

Тағылымдаманың жетекшісі ___________________________________________

КүніОрындалған жұмыстардың қысқаша мазмұныТағылымдама жетекшісінің ұсыныстары мен ескертулері Тағылымдамадан өтушінің қолы Тағылымдама жетекшісінің қолы