ЗАҢ КӨМЕГІН ЕСЕПКЕ АЛУ ҚАҒИДАЛАРЫ

ЗАҢНАМА” бөліміне артқа қайту

Бастапқы редакция (Актуалды бұйрық нұсқасын ЭББ сайтында таба аласыз)

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 28 қыркүйектегі № 1463 бұйрығы

«Адвокат көрсеткен құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін есепке алу қағидаларын бекіту туралы»

Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы” 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабы 12) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

1. Қоса беріліп отырған Адвокат көрсеткен құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін есепке алу қағидаларын бекітілсін.

2. Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін “Республикалық құқықтық ақпарат орталығы” шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр
М. Бекетаев
  
Бекітілді
Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2018 жылғы 28 қыркүйектегі
№ 1463 бұйрығы 

Адвокат көрсеткен құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін есепке алу қағидалары


1. Осы Адвокат көрсеткен құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін есепке алу Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) “Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы” 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңның 23-бабы 12) тармақшасына сәйкес әзірленді және адвокат көрсеткен құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін есепке алу тәртібін айқындайды.

2. Адвокат көрсеткен құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін есепке алуды жүргізуге Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаға, Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшыға, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге, алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе оралман мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі жатады.

3. Адвокат көрсеткен құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін есепке алуды жүргізу адвокатпен құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін есепке алу тізілімінде, осы Қағидаларға қосымша жалғанған нысанға сәйкес (бұдан әрі – тізілім) қағаз және электронды жеткізгіште мемлекеттік не (немесе) орыс тілдерінде жүргізіледі.

4. Мәліметтер жеке тұлғаның мемлекет кепілдік берген заң көмегіне жүгінген күні тізілімге енгізіледі.

5. Қағаз жеткізгіште жасалған тізілім мемлекеттік және орыс тілдерінде қара немесе көк түсті сиямен толтырылады және нөмірленеді, тігіледі және заң консультациясының немесе адвокат кеңсесінің мөрімен, немесе кәсіптік қызметті заңды тұлғаны тіркеместен, жеке-дара жүзеге асыратын адвокаттың мөрімен бекемделеді. Тізілім жазбаларын түзетуші сұйықтық қолданумен тазартуға жол берілмейді.

6. Қағаз жеткізгіште толтырылған тізілім заң консультациясының немесе адвокат кеңсесінің, немесе кәсіптік қызметті заңды тұлғаны тіркеместен, жеке-дара жүзеге асыратын адвокаттың кеңсесінде үш жыл бойы сақталуға жатады.

7. Электронды тізілімдегі адвокаттық құпиямен қорғалатын, жария етілмейтін ақпараттан басқа мәліметтер адвокатпен заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізіледі.

 
Адвокат көрсеткен құқықтық
консультация беру түріндегі
мемлекет кепілдік берген заң
көмегін есепке алу
қағидаларына қосымша
Нысан 

Адвокат көрсеткен құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін есепке алуды жүргізу тізілімі ______________________________________________________ (адвокаттаралқасыныңатауы) ______________________________________________________ (адвокаттық қызметті ұйымдастыру нысаны) ______________________________________________________ (адвокаттың тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болғанжағдайда)

№ п/пжеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болғанжағдайда), құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегіне жүгінген күніқұқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу үшін негіз болып табылатын құжаттың атауы мен деректемелеріқұқықтық мәселенің мәніқұқықтық консультация беру түріндегі көрсетілген мемлекет кепілдік берген заң көмегінің нысаны (құқықтық консультацияны ауызша немесе жазбаша көрсету, өтініштер, арыздар, өтінішхаттар және басқа да құқықтық сипаттағы құжаттарды толтыру)заң көмегін көрсетуге байланысты адвокаттың жұмыс жасау уақытының ұзақтығыегер тізілім қағаз нысанында толтырылса адвокаттың қолы, немесе егер тізілім электронды форма толтырылса адвокаттың ЭЦҚ туралы мәліметі
1234567

Ескертпе: Адвокат көрсеткен құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға өтініш жасаған тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болғанжағдайда) электронды тізілмде жариялануға жатпайды