Қазақстан Республикасының адвокаттарымен кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсетудің көлемі мен тәртібі туралы ереже
| БЕКІТІЛДІ Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы 2018 жылғы 23 қараша |
1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1. Қазақстан Республикасының адвокаттарымен кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсетудің көлемі мен тәртібі туралы ереже «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабына және 67-бабының 2-тармағының 18) тармақшасына сәйкес әзірленген.
2. Кешенді әлеуметтік заң көмегі – адвокаттардың шартқа сәйкес осы Ереженің 8-тармағында аталған тұлғаларға заң көмегін көрсету және клиентті заң көмегін сұрап өтініш жасаған кезінен бастап, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіпте іс бойынша қорытынды құқықтық шешім қабылданғанға дейін құқықтық сүйемелдеу болып табылады.
3. Кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету адвокаттардың әлеуметтік жауапкершілігінің іске асыру нысандарының бірі болып табылады және ерікті түрде жүзеге асырылады.
4. Адвокаттар кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету кезінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Адвокаттық қызмет және заң қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңын, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексін, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексін, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексін, Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерін, сондай-ақ аумақтық адвокаттар алқалары мен Республикалық адвокаттар алқасының Жарғыларын, олардың басқару органдарының шешімдерін және осы Ережені басшылыққа алады.
2. КЕШЕНДІ ӘЛЕУМЕТТІК ЗАҢ КӨМЕГІН КӨРСЕТУДІҢ МАҚСАТТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
5. Кешенді әлеуметтік заң көмегі көрсетудің мақсаттары:
1) азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруға, олардың заңды мүдделерін қорғауға, азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру және азаматтардың әділсотқа қол жетімділігін қамтамасыз етілуіне жәрдем беру;
2) құқықтық ағарту және халықтың құқықтық мәдениет деңгейін арттыру.
6. Кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсетудің міндеттері:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасында және осы Ережеге сәйкес, тегін заң көмегін алуға құқылы тұлғаларға заң көмегін көрсету.
2) азаматтардың және әлеуметтік бағдарланған коммерциялық емес ұйымдардың құқықтық мәдениет деңгейін арттыру бойынша кешенді іс-шараларды жүзеге асыру.
3. КЕШЕНДІ ӘЛЕУМЕТТІК ЗАҢ ҚЫЗМЕТІН КӨРСЕТУ ТӘРТІБІ
7. Кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету субъектілері кәсіптік қызметті заң консультациялар, адвокаттық кеңселер және жеке-дара жүзеге асыратын адвокаттар болып табылады.
8. Кешеңді әлеуметтік заң қызметі келесі тұлғаларға көрсетілуі мүмкін:
1) «Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, қиын өмірлік жағдайда жүрген адамдарға;
2) атаулы әлеуметтік көмекке құқығы бар тұлғаларға;
3) Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және оларға теңестірілген адамдарға;
4) бірінші және екінші топтардағы мүгедектерге;
5) жасына байланысты зейнеткерлерге;
6) қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы типтегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) тұратын қарттар мен мүгедектерге;
7) қиын әлеуметтік және қаржылық жағдайда жүрген өзге де адамдарға көрсетілуі мүмкін.
9. Кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету үшін жүгінген тұлға жеке басын куәландыратын және осы Ереженің 8-тармағында көзделген тиісті топқа қатыстылығын растайтын құжаттарды ұсынады.
4. КЕШЕНДІ ӘЛЕУМЕТТІК ЗАҢ КӨМЕГІН КӨРСЕТУ КӨЛЕМІ
10. Кешенді әлеуметтік заң көмегі азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде кәсіпкерлік қызметке байланысты даулар бойынша көрсетілмейді.
11. Кешенді әлеуметтік заң көмегі келесі түрде көрсетілуі мүмкін:
1) құқықтық ақпарат беру;
2) құқықтық кеңес беру;
3) ақысыз заң көмегін алу үшін жүгінген тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында қолданыстағы немесе ықтимал құқықтық қатынастардың қатысушылары болып табылатын кез келген тұлғалармен өзара іс-қимыл жасауда клиенттің заңды мүдделерін қорғау үшін өзге құқықтық әрекеттесуді жүзеге асыру.
12. Ерікті түрде көрсетілетін кешенді әлеуметтік заң көмегінің көлемін оның субъектілері дербес айқындайды.
13. Көрсетілген кешенді әлеуметтік заң көмегінің көлемі туралы мәліметтер аумақтық адвокаттар алқаларының және Республикалық адвокаттар алқасының интернет-ресурстарында жарияланады.
5. АДВОКАТТАРДЫ КЕШЕНДІ ӘЛЕУМЕТТІК ЗАҢ КӨМЕГІН КӨРСЕТУГЕ ЫНТАЛАНДЫРУ
14. Аумақтық адвокаттар алқаларының төралқалары адвокаттарды кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсетуге ынталандыру үшін келесі іс-шараларды жүзеге асыруға құқылы:
1) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттар тізіміне енгізілуіне артықшылықты құқығын беруі;
2) бұқаралық ақпарат құралдарында немесе әлеуметтік желілерде адвокаттардың кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету тәжірибесі туралы ақпаратты жариялау;
3) аумақтық адвокаттар алқаларының және Республикалық адвокаттар алқасының интернет-ресурстарында кешенді әлеуметтік заң көмегінің жүйесін дамытуға белсенді қатысатын адвокаттар туралы ақпаратты орналастыру;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де тәсілдерді жүзеге асыру.
15. Мемлекет Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіппен кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсетуге елеулі үлес қосуды ынталандырады