Адвокаттың заң көмегін көрсету СТАНДАРТТАРЫ

КЕЛІСІЛДІ

Қазақстан Республикасы

Әділет министрлігі

2018 жылғы 23 қараша

БЕКІТІЛДІ

Адвокаттар алқаларының

республикалық  конференциясы

2018 жылғы 23 қараша

Адвокаттың заң көмегін көрсету
СТАНДАРТТАРЫ

1. Адвокаттың заң кеңесін беру, сондай-ақ соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін қорғау және өкілдік ету түріндегі заң көмегін көрсету стандарттары (бұдан әрі – Стандарттар) «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, заң көмегінің сапасын қамтамасыз ету және клиенттердің мүдделерін қорғауды және өкілдік етуді жүзеге асыруға қойылатын бірыңғай талаптарды қалыптастыру мақсатында әзірленді.

Стандарттардың ережелері адвокаттың кәсіби тәуелсіздігіне қайшы келетін іс-әрекеттерді болдырмауға, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының және Адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын сақтауға бағытталған.

Стандарттарда заң кеңесін беру сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүддесін соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік емес ұйымдарда қорғау және өкілдік ету адвокаттың қызметіне (бұдан әрі – Қорғау және өкілдік ету) қойылатын ең төмен мөлшердегі талаптарды қамтиды.

Заң көмегін көрсететін адвокат өзінің кәсіби міндеттерін орындау барысында мүдделер қайшылығын болдырмауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті.

2. Заң кеңесін беру кезінде адвокат:

1) клиентпен әңгімелесу барысында істің мән-жайларын анықтайды;

2) клиент ұсынған құжаттарды зерттейді;

3) жеке және заңды тұлғаларға құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді, соның ішінде: клиенттердің құқұықтары, бостандықтары мен заңды мүдделеріне,  өтініштерді, арыздар мен өтінішхаттарды және құқықтық сипаттағы өзге де құжаттарды жасауға қатысты кеңестер береді.

3. Адвокат клиенттерге ауызша немесе жазбаша нысанда кеңес береді.

4.  Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заң көмегін көрсету тәртібі сақталған жағдайда, белгіленген тәртіп бойынша заң көмегін көрсету туралы шарт немесе аумақтық әділет органымен келісім, қылмыстық процесті, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізетін орган немесе лауазымды тұлға, сондай-ақ, азаматтық істер жөніндегі сот шығарған қорғаушыны тағайындау туралы қаулы және аумақтық адвокаттар алқасының тапсырмасы заң көмегін көрсетудің негізі болып табылады.

5. Қорғау және өкілдік ету қорғау (өкілдік ету) туралы жазабаша хабарлама негізінде жүзеге асырылады.

6. Заң көмегін көрсету туралы тапсырманы қабылдау барысында адвокат келесіні орындауы қажет:

1) қорғау (өкілдік ету) туралы тапсырманы қабылдауға кедергі туғызатын немесе адвокаттың іс бойынша өндіріске қатысуын жоққа шығаратын мән-жайлардың бар болуын анықтау;

2) істің мән-жайларын зерттеу;

3) клиенттің, келтірілген күдікке, тағылған айыпқа немесе даудың мәніне қатынасын анықтау.

7. Қорғау мен өкілдік ету барысында адвокат:

1) клиентке кеңес береді және оның процестік құқықтары мен міндеттерін, іс бойынша қолданылатын материалдық және процестік құқық нормаларын түсіндіреді;

2) клиентке іс материалдарымен танысуға, арыздарды, өтінішхаттарды, шағымдарды және өзге де процестік құжаттарды әзірлеуге көмек көрсетеді немесе аталған құжаттарды өз бетінше әзірлейді;

3) заңнамада тыйым салынбаған қорғау мен өкілдік етудің өзге де құралдары мен тәсілдерін қолданады.

8. Адвокат тиісті негіздемелер бар болған жағдайда заңда белгіленген тәртіпте судьяның, іс бойынша өндірісті жүзеге асыратын өзге де органдар мен тұлғалардың іс-әрекеттеріне қарсылық келтіре алады.

9. Клиент сот актілеріне шағым түсіруден жазбаша түрде бас тартуды қоспағанда, адвокат заңда белгіленген тәртіпте тиісті құқықтық негіздемелер бар болған жағдайда сот актілеріне шағым түсіреді.

10. Адвокат, қабылданған тапсырмадан заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, бас тартуға құқылы емес.