АДВОКАТТЫҚ ҚЫЗМЕТ ТУРАЛЫ

ЗАҢНАМА” бөліміне артқа қайту

Ескерту! Күші жойылды – ҚР 05.07.2018 № 176-VІ Заңымен.

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 5 желтоқсандағы N 195 Заңы

“Адвокаттық қызмет туралы”

(2016.08.04. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Адвокатураның мақсаты

1. Қазақстан Республикасындағы адвокатура адамның өз құқықтарын, бостандықтарын сотта қорғауға және бiлiктi заң көмегiн алуға мемлекет кепiлдiк берген және Қазақстан Республикасының Конституциясымен баянды етiлген құқығын жүзеге асыруға жәрдемдесуге, сондай-ақ дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесуге арналған.

2. Адвокатура қылмыстық iстер бойынша қорғау, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша, сондай-ақ қылмыстық және азаматтық істер мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша өкілдік ету, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау мен iске асыруға жәрдемдесу мақсатында заң көмегiнiң өзге де түрлерiн көрсету жөнiндегi адвокаттардың қызметiн ұйымдастырады.

Адвокаттық қызмет шеңберiнде адвокаттар көрсететiн заң көмегi кәсiпкерлiк қызмет болып табылмайды.

3. Осы Заңда белгіленген тәртіппен, жеке тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және оларды іске асыруға жәрдемдесу мақсатында адвокаттар кәсіби негізде көрсететін білікті заң көмегі адвокаттық қызмет болып табылады.

Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 31.10.2015 № 378-V(01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының адвокаттық қызметті реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда жазылғаннан өзгеше ережелер көзделсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

3. Жеке және заңды тұлғалардың істері бойынша қорғау мен өкілдік етуді жүзеге асырған кездегі адвокаттардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда – ҚР 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-бап. Адвокатураның ұйымдастырылуы мен қызметiнiң принциптерi

Адвокатураның ұйымдастырылуы мен қызметi:

1) адвокаттардың өз қызметiн жүзеге асыру кезiндегi тәуелсiздiгi;

2) адвокаттық қызметтi заңдарда тыйым салынбаған әдiстерiн және құралдармен жүзеге асыру;

3) заң актiлерiнде тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, прокуратура, соттар, анықтау және алдын ала тергеу органдары, басқа мемлекеттiк органдар, өзге ұйымдар мен лауазымды адамдар тарапынан адвокаттардың қызметiне араласуға жол бермеу;

4) кәсiби мiнез-құлық нормаларын ұстану және адвокаттық құпияны сақтау принциптерiне негiзделедi.

4-бап. Адвокаттар көрсететін заң көмегінің түрлері

1. Заң көмегін көрсете отырып, адвокаттар:

1) ауызша және жазбаша нысанда да құқықтық мәселелер бойынша консультациялар мен анықтамалар береді;

2) арыздар, шағымдар, өтініштер мен құқықтық сипаттағы басқа да құжаттарды жасайды;

3) сенім білдірушінің өкілі ретінде азаматтық сот ісін жүргізуге қатысады;

4) қорғаушының немесе сенім білдірушінің өкілі ретінде қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізуге қатысады;

5) медиация жүргізу кезінде, төрелікте және дауларды шешетін өзге де органдарда істерді талқылауға сенім білдірушінің өкілі ретінде қатысады;

6) мемлекеттік органдарда, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де ұйымдарда сенім білдірушінің мүддесін білдіреді;

7) егер шет мемлекеттердің заңнамасында, халықаралық сот органдарының және өзге де халықаралық ұйымдардың жарғылық құжаттарында немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарында, соттарында және құқық қорғау органдарында, халықаралық сот органдарында, шет мемлекеттердің мемлекеттік емес органдарында сенім білдірушінің мүддесін білдіреді;

8) сенім білдірушінің өкілі ретінде атқарушылық ісін жүргізуге, сондай-ақ қылмыстық жазаны орындау кезінде қатысады;

9) татуластыру рәсімдерін жүргізеді.

2. Адвокаттар заңнамада тыйым салынбаған өзге де заң көмегін көрсетеді.

3. Көмек сұрап келген адам оған заң көмегін тегін көрсету үшін, сондай-ақ тағайындалған (осы Заңның 6-бабы) жағдайларды қоспағанда, егер қорғалушы өзіне адвокат таңдамаса немесе таңдай алмаса, оның қатысуы міндетті қылмыстық істер бойынша қорғаушы ретінде адвокат таңдауда еркін.

4. Қылмыстық істер бойынша кәсіби қорғауды адвокаттар ғана жүзеге асырады.

Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда – ҚР 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді – ҚР 03.07.2013 125-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 31.10.2015 № 378-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 08.04.2016 № 489-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-бап. Адвокаттар көрсететін заң көмегіне ақы төлеу және қорғау мен өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу

Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

 1. Адвокаттар көрсететін заң көмегіне ақы төлеу мөлшері және қорғау мен өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу көмек сұрап келген адаммен адвокат жасасатын жазбаша шартта белгіленеді.

Шарт жасасу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Шарттың бір данасы заң көмегін көрсету туралы шарт жасасқан адамға беріледі.

Мыналар:

1) қорғаушы не өкіл ретінде тапсырмаларды орындауға қабылдаған адвокаттың тегін, атын және әкесінің атын (ол болғанда) көрсету;

2) адвокаттық қызмет ұйымының нысанын және өзі мүшесі болып табылатын адвокаттар алқасын көрсету;

3) тапсырмалардың нысаны;

4) адвокат көрсететін заң көмегіне ақы төлеудің және қорғау мен өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеудің мөлшері мен тәртібі;

5) шартты бұзу тәртібі мен жағдайлары шарттың маңызды талаптары болып табылады.

Олар бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке, мемлекеттік емес заңды тұлғаларды білдіретін тараптардың мүліктік даулары туралы істер бойынша шарттарды қоспағанда, адвокаттар көрсететін заң көмегіне істің нәтижесіне немесе адвокаттық қызметтің табыстылығына байланысты ақы төлеу мөлшерін белгілейтін шарттарға немесе ұйғарылған соманың бір бөлігін адвокат алатын шарттарға жол берілмейді.

Заң көмегіне ақы төлеу, оның ішінде ауызша заң консультациялары және тапсырмаларды орындауға байланысты шығыстар есебінен адвокаттың қолма-қол ақша алуына тиісті қаржы құжатынсыз жол берілмейді.

2. Заңнамада көзделген жағдайларда, адвокат көрсететін заң көмегіне ақы төлеу, іссапар, көлік және оның басқа да шығыстары анықтау, алдын ала тергеу органдарының қаулылары және соттардың ұйғарымы бойынша бюджет қаражатынан жүргізіледі.

3. Адвокат көрсететін заң көмегіне ақы төлеудің және осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда қорғау мен өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеудің мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

Адвокат көрсететін заң көмегіне ақы төлеудің және осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда қорғау мен өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеудің тәртібі Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекіткен заң көмегіне ақы төлеу қағидаларында белгіленеді.

Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда – ҚР 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгерістер енгізілді – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; 03.07.2013 № 121-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен; 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 31.10.2015 № 378-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-бап. Тегін заң көмегін көрсету

1. Адвокаттар мыналарға:

1) соттар асыраушысының қайтыс болуы, жұмыспен байланысты мертігуі немесе денсаулығының өзгедей зақымдануы арқылы келтірілген зиянды өтеу туралы істерді қараған кезде қуынушыларға;

2) егер сот қарап жатқан дау кәсіпкерлік қызметпен байланысты болмаса, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген адамдар, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, І және ІІ топтардағы мүгедектер, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын қуынушылар мен жауапкерлерге;

3) алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе оралман мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға заң көмегін тегін көрсетеді, қажет болған жағдайларда құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттарды жасайды.

2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда, адвокат көрсететін, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

3. Адвокат бюджет қаражаты есебінен көрсететін заң көмегінің негіздері “Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы” Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында, Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленеді.

4. Құқықтық консультация беру түріндегі заң көмегін өтініш беруші жүгінгеннен кейін бірден көрсету мүмкін болмаған кезде, ол жүгінген кезден бастап үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қабылдау уақыты туралы қолжетімді нысанда хабардар етілуге тиіс. Егер өтініш беруші жүріп-тұру қиындығына байланысты асқынған ауруы, мүгедектігі салдарынан адвокаттың белгілеген қабылдау орнына келе алмайтын болса, құқықтық консультация беру оның болатын жерінде өткізіледі. Мұндай жағдайларда құқықтық консультация беру түріндегі заң көмегін көрсетудің ұзақтығы бір сағаттан аспауға тиіс. Қажет болған жағдайда көрсетілген мерзімді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы ұзарта алады. Адам дәл сол бір мәселе бойынша құқықтық көмекті бір рет ала алады.

5. Адвокат көрсеткен құқықтық консультация беру түріндегі тегін заң көмегін есепке алуды осындай көмекті ұсынатын адвокат Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүргізеді.

Адвокат көрсеткен құқықтық консультация беру түріндегі заң көмегіне ақы төлеу адвокаттың орындаған жұмысы туралы актінің және тиісті адвокаттар алқасы өтінімінің негізінде бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Адвокат көрсеткен заң көмегіне ақы төлеудің және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеудің мөлшері мен тәртібін, сондай-ақ адвокат көрсеткен заң көмегін есепке алу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.07.2013 N 123-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-тарау. АДВОКАТТЫҢ МӘРТЕБЕСI

7-бап. Қазақстан Республикасындағы адвокат

1. Адвокат – жоғары заң білімі бар, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алған, міндетті түрде адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және осы Заңмен регламенттелетін адвокаттық қызмет шеңберінде кәсіптік негізде заң көмегін көрсететін Қазақстан Республикасының азаматы.

2. Сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз не әрекет қабілеті шектеулі деп танылған не заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам адвокат бола алмайды.

Мынадай:

қасақана қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

теріс себептер бойынша мемлекеттік, әскери қызметтен, прокуратура органдарынан, өзге де құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан, соттардан және әділет органдарынан босатылған немесе адвокаттар алқасынан шығарылған;

адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиядан айырылған;

осы Заңның 12-бабының 3-тармағында және 5-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша лицензиясының қолданысы тоқтатылған адам да осындай оқиғалар басталғаннан кейін үш жыл бойы адвокат бола алмайды.

Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда – ҚР 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгеріс енгізілді – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Адвокаттың көмекшiлерi мен тағлымдамадан өтушiлерi

1. Адвокаттың көмекшiлерi мен тағылымдамадан өтушiлерi болуы мүмкiн.

2. Адвокаттың көмекшiлерi еңбек шартының негiзiнде заң консультациясында, адвокат кеңсесiнде немесе адвокаттық қызметпен жеке айналысатын адвокатта жұмыс iстеуі мүмкін.

Адвокаттың көмекшiлерi адвокаттың нұсқауы бойынша және соның жауапкершiлiгiмен адвокаттың тапсырмаларын орындауға құқылы.

3. Жоғары заң білімі бар Қазақстан Республикасының азаматы адвокаттың тағылымдамадан өтушісі болып табылады.

Тағылымдамадан өтудің мақсаты адвокаттық қызметтің кәсіптік білімдері мен практикалық дағдыларын игеру болып табылады.

Осы Заңның 7-бабының 2-тармағында белгiленген талаптарға сай келетін және тағылымдамадан өтуге ниет бiлдiрген адам Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдары ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Әдiлет министрiнің бұйрығымен бекiтілетiн Адвокаттардың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережеде тізбесі белгіленетін құжаттарды қоса бере отырып, тағылымдамадан өтуге жiберу туралы өтiнiшпен адвокаттар алқасының төралқасына жүгiнедi.

4. Адвокаттар алқасының төралқасы өтінішті қарау нәтижелері бойынша мынадай:

1) тағылымдамадан өтуге жіберу туралы;

2) тағылымдамадан өтуге жіберуден бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

5. Адвокаттардың тағылымдамадан өтушiлері санының көп жинақталуы себебiмен тағылымдамадан өтуге жiберуден бас тартуға жол берiлмейдi.

6. Тағылымдама кемiнде бес жыл адвокаттық қызмет өтілі бар адвокаттың басшылығымен жүзеге асырылады. Тағылымдаманың ұзақтығы алты айдан бір жылға дейінгі мерзімді құрайды. Бір адвокатта тағылымдамадан бір мезгілде екіден көп емес тағылымдамадан өтуші өте алады.

Тағылымдамадан өтушi ретiндегi жұмыс кезеңi заң мамандығы бойынша жұмыс өтіліне есептеледi.

7. Тағылымдамадан өткізуді ұйымдастыруды Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығымен бекітілетін Адвокаттардың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережеге сәйкес адвокаттар алқасының төралқасы жүзеге асырады.

Тағылымдамадан өту туралы қорытындыны бекітуден бас тарту туралы шешім дәлелді болуға тиіс және оған сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.

Тағылымдамадан өтпеген адам жалпы негіздерде тағылымдамаға қайта жіберіледі.

8. “Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 34-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 9), 10) және 12) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша судья өкілеттіктерін тоқтатқан адамдар тағылымдамадан өтпейді.

9. Адвокаттың көмекшісі мен тағылымдамадан өтушісінің адвокаттық қызметпен дербес айналысуға құқығы жоқ.

Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді – ҚР 2012.02.17 N 565-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; 03.07.2013 № 121-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

8-1-бап. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссия

1. Тағылымдамадан өткен адамдар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық әділет органдары жанынан құрылатын адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияда аттестаттаудан өтеді.

Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссия жеті мүшеден, оның ішінде кандидатураларын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың адвокаттар алқаларының төралқалары айқындайтын үш адвокаттан тұрады.

Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның жеке құрамы және олардың жұмыс регламенті Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрықтарымен бекітіледі.

2. Мыналар:

1) Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясында біліктілік емтиханын тапсырған, сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және облыстық немесе оған теңестірілген соттың жалпы отырысының оң пікірін алған адамдар;

2) “Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 34-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 9), 10) және 12) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша судья өкілеттіктерін тоқтатқан адамдар;

3) теріс себептермен босатылғандарды қоспағанда, прокурор немесе тергеуші лауазымында кемінде он жыл жұмыс өтілі болған жағдайда, прокуратура және тергеу органдарынан босатылған адамдар аттестаттаудан өтуден босатылады.

3. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның негізгі міндеттері:

1) адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияны алуға үміткерлерді сапалы іріктеуді қамтамасыз ету;

2) отырыстардың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету болып табылады.

4. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның отырысына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуға құқылы.

5. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның отырыстарында ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында дыбыс- және (немесе) бейнежазбалар не стенографиялау жүзеге асырылады. Отырыс барысында алынған стенограмма, дыбыс- және (немесе) бейнежазбалар отырыстың хаттамасына қоса тігіледі және адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның материалдарымен бірге сақталады.

Ескерту. Заң 8-1-баппен толықтырылды – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді – ҚР 2012.02.17 N 565-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

8-2-бап. Аттестаттауды өткізу тәртібі мен шарттары

1. Тағылымдамадан өткен және адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекітетін қағидаларда айқындалады.

2. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адам тағылымдамадан өткеннен кейін өзін аттестаттауға жіберу туралы өтінішті Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құжаттарды қоса тіркей отырып, тұрғылықты жері бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық әділет органдары арқылы адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияға жібереді.

3. Құжаттар тиісінше ресімделмеген не олардың толық топтамасы ұсынылмаған жағдайда, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық әділет органдары өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қайтару себебі туралы жазбаша хабарлай отырып, өтінішті үміткерге ұсынылған құжаттармен бірге қарамастан қайтарады.

4. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссия материалдарды қарау қорытындылары бойынша аттестаттауға жіберу не жіберуден бас тарту туралы дәлелді шешім шығарады.

Егер үміткер осы Заңда белгіленген талаптарға сай болмаса, оны аттестаттауға жіберуден бас тартылады.

Аттестаттауға жіберуден бас тарту туралы шешімді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық әділет органдары өтініш келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей үміткерге жібереді.

Аттестаттауға жіберуден бас тартуға сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.

5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық әділет органдары аттестаттауға жіберілген үміткерді аттестаттаудың өтетін орны, күні, уақыты, тәртібі туралы оны өткізгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей жазбаша хабардар етеді.

6. Аттестаттау қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.

7. Аттестаттау мынадай екі кезеңнен тұрады:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуден компьютерлік тест тапсыру;

2) үміткердің білімін емтихан билеттері бойынша тексеру.

8. Үміткер өз таңдауы бойынша аттестаттаудан қазақ немесе орыс тілінде өтуге құқылы.

Тестілеу компьютер техникасын пайдалана отырып өткізіледі.

9. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссия аттестаттау нәтижелері бойынша аттестаттау өткізілгеннен кейінгі келесі күннен кешіктірмей, аттестатталғаны туралы не аттестатталмағаны туралы дәлелді шешім шығарады.

Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның шешіміне сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.

Аттестатталғаны туралы шешім ол шығарылған кезден бастап алты жыл бойы жарамды болып табылады.

Аттестаттаудан өтпеген үміткер кемінде бір жылдан кейін қайта аттестаттауға жіберіледі.

10. Аттестаттаудан өткен кезде үміткердің анықтамалық, арнаулы және басқа да әдебиетті, байланыс құралдарын, сондай-ақ қандай да бір жазбаларды пайдалануына жол берілмейді.

Көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда, адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссия үміткерді аттестаттаудан шеттетеді.

Аттестаттаудан шеттетілген үміткер шешім шығарылған күннен бастап үш ай өткен соң аттестаттауға жіберу туралы қайтадан өтініш беруге құқылы.

11. Дәлелді себеппен аттестаттауға келмеген үміткер осы баптың 5-тармағында көзделген тәртіппен адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның келесі отырысына шақырылады.

Үміткер тағы да келмей қалған жағдайда оның өтініші қараусыз қалдырылады және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық әділет органдары оған тапсырылған құжаттармен бірге қайтарады.

Ескерту. Заң 8-2-баппен толықтырылды – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді – ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

9-бап. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензия

1. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензия адвокаттық қызметпен айналысуға рұқсат беру болып табылады және оны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен және шарттармен тағылымдамадан және аттестаттаудан өткеннен кейін лицензиар береді.

2. Лицензиар адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиялардың электрондық тізілімін жүргізеді, тізілім мәліметтерін, сондай-ақ адвокаттық қызметпен айналысатын лицензиаттар тізімдерін интернет-ресурста орналастыруды қамтамасыз етеді.

Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

10-бап. Лицензия беруден бас тарту

Лицензия беруден “Рұқсаттар және хабарламалар туралы” Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негiздер бойынша бас тартылады.

Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда – ҚР 16.05.2014 № 203-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

11-бап. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру

1. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жалпы негіздерден басқа, адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысы:

1) адам мемлекеттік қызметте болған;

2) ол Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының, өз қызметін бюджет қаражаты есебінен төленетін, тұрақты немесе басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутатының өкілеттіктерін атқарған;

3) мерзімді әскери қызметті өткерген;

4) ол осы Заңның 31-бабы 1-тармағының 4) және 7) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша адвокаттар алқасының мүшелігінен шығарылған;

5) заңды тұлғаны тіркемей кәсіптік қызметін жеке жүзеге асыратын адвокаттың іс жүзінде қызметтік үй-жайы болмаған;

6) оқытушылық, ғылыми немесе шығармашылық қызметтi қоспағанда, адвокат кәсiпкерлiк немесе өзге де ақы төленетiн қызметпен айналысқан;

7) тоқтата тұру мерзімі көрсетілетін өзінің өтініші негізінде адвокат өз өкілеттіктерін орындамаған кезеңде тоқтатыла тұрады.

Көрсетiлген жағдайларда адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын лицензиар адвокаттар алқасы төралқасының ұсынымы немесе аумақтық әділет органының ұсынысы негізінде не адвокаттың өтініші негізінде тоқтата тұрады. Қабылданған шешiм туралы адвокат, соттар, құқық қорғау органдары және адвокаттар алқасы хабардар етiледi.

2-1. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысы “Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы” Қазақстан Республикасының Заңында көзделген талаптарды жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) бұзған жағдайларда алты ай мерзімге тоқтатыла тұрады.

Көрсетiлген жағдайда лицензияның қолданысын лицензиар тоқтата тұрады. Қабылданған шешiм туралы адвокат, соттар, құқық қорғау органдары және адвокаттар алқасы хабардар етiледi.

3. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру адвокаттық қызметпен оның қолданысын тоқтата тұру кезеңінде айналысуға тыйым салуға әкеп соғады.

4. Осы баптың 2-тармағында көзделген негiздер бойынша тоқтатыла тұрған адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын қайта жалғастыру адвокаттың өтiнiшi бойынша күнтізбелік он күн iшiнде лицензиардың бұйрығы және оның қолданысын тоқтата тұру үшiн негiздердiң тоқтатылғанын растайтын құжаттар негiзiнде жүзеге асырылады. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысының қайта жалғастырылғаны туралы адвокат, соттар, құқық қорғау органдары және адвокаттар алқасы хабардар етіледі.

5. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы немесе қайта жалғастырудан бас тарту туралы шешiмге адвокат сот тәртібімен шағым жасауға құқылы.

Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді – ҚР 2012.06.21 N 19-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2014.06.10 № 206-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-бап. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиядан айыру және оның қолданысын тоқтату

1. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиядан айыру Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

2. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

3. Осы баптың 2-тармағында көзделген негіздерден басқа, адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату лицензиардың талап-арызы бойынша:

1) адвокат өз кәсіби міндеттерін орындау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын, адвокатураны ұйымдастыру және оның қызметі принциптерін өрескел не бірнеше рет бұзған;

2) біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан адвокаттың өз кәсіби міндеттерін орындауы мүмкін болмаған жағдайларда сот тәртібімен жүзеге асырылады.

4. Адвокаттар алқасы төралқасының өтініші осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларда адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы талап-арыз дайындау үшін негіз болып табылады.

Аумақтық әділет органының ұсынымы осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы талап-арыз дайындау үшін негіз болып табылады.

Лицензиар сот шешімі негізінде адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы бұйрық шығарады, оның көшірмесі лицензиясының қолданысы тоқтатылған адамға жіберіледі. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысының тоқтатылғаны туралы соттар, құқық қорғау органдары және адвокаттар алқасы хабардар етіледі.

5. Осы баптың 2-тармағында көзделген негіздерден басқа, адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтатуды лицензиар:

1) заңды күшіне енген сот шешімі бойынша адвокат әрекет қабілеті жоқ немесе әрекет қабілеті шектеулі, қайтыс болды не хабар-ошарсыз кетті деп танылған;

2) адвокат Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатқан;

3) адвокат қасақана қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

4) қасақана қылмыс жасағаны үшін адвокатқа қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;

5) адвокатқа медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайларда жүзеге асырады.

6. Аумақтық әділет органының ұсынымы осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларда адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы шешім қабылдау үшін негіз болып табылады.

Лицензиар адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы бұйрық шығарады, оның көшірмесі лицензиясының қолданысы тоқтатылған адамға жіберіледі. Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысының тоқтатылғаны туралы соттар, құқық қорғау органдары және адвокаттар алқасы хабардар етіледі.

Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда – ҚР 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгерістер енгізілді – ҚР 2009.08.28 N 192-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

13-бап. Адвокаттың өкiлеттiктерiн куәландыру

1. Адвокаттың нақты істі жүргізуге өкілеттігі заң консультациясы немесе адвокат кеңсесі, ал ол өз қызметін заңды тұлғаны тіркемей жеке жүзеге асырған кезде адвокаттар алқасының төралқасы берген ордермен куәландырылады. Ордердің нысанын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекітеді. Ордерлердің берілуін бақылау мен есепке алуды адвокаттар алқасының төралқасы жүзеге асырады.

Өзінің қызметін Қазақстан Республикасы бекіткен тиісті халықаралық шарт негізінде жүзеге асыратын шетелдік адвокаттың өкілеттігі жеке басын, адвокат мәртебесін және заң көмегін көрсету өкілеттігін белгілейтін құжатпен расталады.

2. Адвокат Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында, сондай-ақ, егер бұл қабылдаған тапсырманы орындау үшiн қажет болса және тиiстi мемлекеттердiң заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына қайшы келмесе, оның аумағынан тыс жерлерде адвокаттық қызметпен айналысуға құқылы.

Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 2003.06.03 N 425, 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-бап. Адвокаттың құқықтары

1. Адвокат көмек сұрап келген адамға ол мұқтаж болған кез келген заң көмегiн көрсетуге құқылы.

2. Адвокат өзiне өтiнiш жасаған адаммен заң көмегiн көрсету туралы өз атынан жазбаша шарт жасасады.

3. Адвокат, қорғаушы немесе өкiл ретiнде әрекет жасай отырып, iс жүргiзу заңына сәйкес:

1) барлық соттарда, құзыретiне тиiстi мәселелердi шешу кiретiн мемлекеттiк, өзге де органдар мен ұйымдарда заң көмегiн сұрап өтiнiш жасаған тұлғалардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауға және бiлдiруге;

2) барлық мемлекеттiк органдардан және мемлекеттiк емес ұйымдардан адвокаттық қызметтi жүзеге асыруға қажеттi мәлiметтердi сұратуға және алуға;

3) заң көмегiн көрсету үшiн қажет нақты мәлiметтердi дербес жинауға және дәлелдер табыс етуге;

4) көмек сұрап өтiнiш жасаған адамға қатысты материалдармен, соның iшiнде iс жүргiзу құжаттарымен, тергеу және сот iстерiмен танысуға және олардағы ақпаратты заң актiлерiнде тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен белгiлеп алуға;

5) iске қатысуға жiберiлген сәттен бастап жолығулар санын, олардың ұзақтығын шектемей және мұндай жолығулардың құпиялығын қамтамасыз ететiн жағдайларда өзi қорғайтын адаммен оңаша жолығып тұруға;

6) заң көмегiн көрсетуге байланысты туындайтын және ғылым, техника, өнер мен басқа да қызмет салаларында арнайы бiлiмдi қажет ететiн мәселелердi түсiндiру үшiн шарттық негiзде мамандардың қорытындыларын сұратуға;

7) өтiнiштер мәлiмдеуге, әдiлет, прокуратура, анықтау, алдын ала тергеу органдары мен соттың лауазымды адамдарының, сондай-ақ көмек сұрап өтiнiш жасаған адамдардың құқықтарына және заңдармен қорғалатын мүдделерiне қысым жасайтын өзге де лауазымды адамдардың әрекеттерiне белгiленген тәртiппен шағым жасауға;

8) мемлекеттiк құпияларды құрайтын ақпаратпен, сондай-ақ әскери, коммерциялық, қызметтiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын ақпаратпен, егер бұл анықтау, алдын ала тергеу кезiнде және сотта қорғау немесе өкiлдiк ету үшiн қажет болса, заң актiлерiнде көзделген тәртiппен танысуға;

9) заң көмегiн сұрап өтiнiш жасаған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғаудың заңдарда тыйым салынбаған барлық құралдары мен тәсiлдерiн пайдалануға;

9-1) татуластыру рәсімдерін жүргізуге;

10) заңдарға қайшы келмейтiн өзге де әрекеттердi жасауға құқылы.

4. Мемлекеттiк орган немесе лауазымды адам адвокаттың заң көмегiн сұрап өтiнiш жасаған адамның мүддесiн бiлдiру құқығын танудан бас тарта алмайды.

5. Адвокат соттардың, прокуратураның, қылмыстық процесті жүргізуші органдардың әкімшілік ғимараттарына белгіленген тәртіппен өзінің адвокаттық куәлігін көрсетуі бойынша еркін кіру құқығын пайдаланады.

Адвокаттың ұстап алынғандарды, күзетпен ұсталатындарды және жазасын өтеп жатқандарды ұстау орындарына кiруi белгiленген өткізу режиміне сәйкес жүзеге асырылады.

6. Адвокат мiндеттi сақтандыру қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын мемлекет кепiлдiк берген әлеуметтiк қорғалуға құқылы.

Әлеуметтiк сақтандыруға арналған жарналарды адвокаттар қолданылып жүрген заңдарға сәйкес төлейдi.

Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 2003.06.03 N 425, 2009.12.11 N 230-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 31.10.2015 № 378-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

15-бап. Адвокаттың мiндеттерi

1. Адвокат:

1) өзiнiң кәсiптік мiндеттерiн орындаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын және Адвокаттардың кәсiптiк әдебі кодексiнiң нормаларын сақтауға;

2) өзiнiң кәсiптік қызметiнде адвокатураны ұйымдастыру мен оның қызметiнiң қағидаттарын басшылыққа алуға;

3) өзiнiң кәсiптік бiлiктiлiгiн үнемi арттырып отыруға;

4) заң көмегiн көрсетуге байланысты өзiне мәлiм болған мәлiметтердi құпия сақтауға және көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның келiсiмiнсiз оларды жария етпеуге;

5) адвокаттар алқасына мүше болып кіргеннен кейін, сондай-ақ коммерциялық ұйым құрылғаннан кейін бір ай ішінде, өзіне заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, өз меншігіндегі, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлесті (акциялар топтамасын) және пайдаланылуы табыс алуға әкелетін өзге де мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беруге міндетті. Мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты нотариатта куәландыруға жатады. Адвокат өзіне тиесілі облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын сенімгерлікпен басқаруға бермеуге құқылы. Адвокаттың сенімгерлікпен басқаруға берілген мүліктен табыс алуға құқығы бар;

6) сенім білдірушінің құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған іс жүзіндегі мән-жайларды анықтау бойынша заңмен тыйым салынбаған кез келген іс-әрекетті орындауға міндетті.

2. Адвокат, егер:

1) заң көмегiн сұрап өтiнiш жасаған адамның мүддесiне қайшы келетiн iстiң нәтижесінде жеке мүддесi болса;

2) Қазақстан Республикасының процессуалдық заңнамасында көзделген негіздер болса, заң көмегiн көрсету туралы тапсырмадан бас тартуға мiндеттi.

3. Адвокаттың іс бойынша көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның жағдайын нашарлататын құқықтық ұстанымда болуына, өз өкiлеттiгiн өзі мүдделерiн қорғайтын немесе бiлдiретiн адамға нұқсан келтiріп пайдалануына тыйым салынады.

4. Адвокаттың қылмыстық iс бойынша қабылданған тапсырмадан бас тартуға құқығы жоқ және қорғалатын адамның немесе адвокаттың өзiнiң көзқарасы бойынша сот төрелігіне сай емес үкiм шығарылған жағдайда, оған белгiленген тәртiппен шағым жасауға мiндеттi.

5. Адвокаттың, коммерциялық ұйымның байқау кеңесiнiң құрамына кіру, дауды шешу үшін тиісті төрелікте төреші болып сайлану немесе тағайындалу, сондай-ақ оқытушылық, ғылыми немесе шығармашылық қызметпен айналысу жағдайларын қоспағанда, мемлекеттiк қызметте болуына және кәсіпкерлік қызметпен айналысуына, өзге де ақылы лауазымда болуына тыйым салынады.

Адвокат адвокаттар алқасында, Республикалық адвокаттар алқасында және адвокаттардың халықаралық қоғамдық бірлестіктерінде ақы төленетін сайланбалы немесе тағайындалатын лауазымға сайлануға құқылы.

Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді – ҚР 08.04.2016 № 489-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

16-бап. Адвокаттың кәсiби мiнез-құлық нормалары

Адвокат заң көмегiн көрсету кезiнде мынадай кәсiптiк ережелердi сақтауға тиiс:

1) көп күш-жiгер не уақыт жұмсауды талап ететiн қажеттi әрекеттер жасаудан жасқанбай ыждағаттылық пен құлшыныс бiлдiру;

2) заң мәселелерiн қарап жатқан органдар мен лауазымды адамдарға қатысты өзiн әдептi ұстау;

3) өз кәсiби мiнез-құлқын көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның құқықтары мен заңды мүдделерiне сәйкес қалыптастыра және тежей отырып, iстi негiзсiз сөзбұйдаға салуға, заң көмегiн көрсетудiң заңсыз әдiстерiне, алдауға жол бермеу;

4) көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның мүдделерiне адал болу және оның мүдделерiне қарсы қандай да болмасын әрекет жасамау.

17-бап. Адвокаттық қызметтiң кепiлдiктерi

1. Заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын адвокаттық қызметке араласуға не осы қызметке қандай да болмасын тәсілмен кедергі жасауға тыйым салынады.

2. Адвокатты ол заң көмегiн көрсетiп отырған адаммен теңдестiруге тыйым салынады.

3. Адвокаттан өз кәсiби мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты оған мәлiм болған мән-жайлар туралы куәгер ретiнде жауап алуға тыйым салынады.

4. Адвокаттардан, олардың көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілерінен, адвокаттар алқасы төралқасының, заң консультацияларының, адвокаттық кеңселердiң басшылары мен қызметкерлерiнен, заңмен белгiленген жағдайларды қоспағанда, белгiлi бiр адамға заң көмегiн көрсетуге байланысты қандай да болмасын мәлiметтер берудi талап етуге тыйым салынады.

5. Адвокаттық іс жүргізу, онымен байланысты өзге де материалдар мен құжаттар, сондай-ақ адвокаттың мүлкі, оның ішінде ұялы байланыс құралдары, аудиоаппаратурасы, компьютерлік техникасы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен басқа жағдайларда, тексеруге, қарауға, алуға, алып қоюға және тексеріске жатпайды.

6. Адвокатқа өзi қорғайтын адаммен оңаша жолығудың құпиялылығын қамтамасыз ететін жағдайларда осылайша жолығуына рұқсат беруден бас тартуға, сондай-ақ олардың саны мен ұзақтығына шек қоюға тыйым салынады.

7. Алып тасталды – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

8. Анықтау және алдын ала тергеу органдары, iс жүргiзу заңында көзделген жағдайларда, адвокатпен келiсiлген мерзiмде тергеу және өзге iс жүргiзу әрекеттерiне оның қатысуы қажеттiгi туралы адвокатқа хабарлауға мiндеттi.

9. Мемлекеттiк қызметшiлер және мемлекеттiк емес ұйымдардың басшылары адвокаттың нақты iс бойынша заң көмегiн көрсетуiне байланысты өтiнiшiне он жұмыс күні ішінде жазбаша жауап беруге мiндеттi.

10. Адвокаттардың қызметiне заңсыз араласуға жол берген немесе осындай қызметтi жүзеге асыруға кедергi келтiретiн адамдар заңға сәйкес жауапқа тартылады.

Ескерту. 17-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 2003.06.03 N 425, 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен; 03.07.2013 № 121-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

18-бап. Адвокат құпиясы

1. Адвокат құпиясын адвокатқа жүгiну фактiсi, көмек сұрап өтiнiш жасаған адаммен және басқа да адамдармен жасалған ауызша және жазбаша келiссөздердiң мазмұны туралы, көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның мүдделерiнде жасалатын әрекеттердiң сипаты мен нәтижелерi туралы мәлiметтер, сондай-ақ заң көмегiн көрсетуге қатысты өзге ақпарат құрайды.

2. Адвокаттардың, олардың көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілердің адвокаттар алқасы төралқасы, заң консультациясы, адвокат кеңсесi қызметкерлерiнiң заң көмегiн көрсетуге байланысты алынған мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ өз мүдделерi немесе үшiншi бiр адамдардың мүдделерi үшiн пайдалануға құқығы жоқ.

3. Адвокат құпиясына жататын мәлiметтердi көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның келiсiмiнсiз жария еткен адвокат заңға сәйкес жауапты болады.

4. Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға “Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мәліметтер мен ақпарат беру адвокаттық құпияны жария ету болып табылмайды.

Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2009.08.28 N 192-IV (2010.03.08 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.06.21 N 19-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2014.06.10 № 206-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. АДВОКАТТЫҚ ҚЫЗМЕТТI ҰЙЫМДАСТЫРУ

19-бап. Адвокаттық қызметтi ұйымдастыру нысандары

Адвокат өз қызметiн заң консультациясы арқылы жүзеге асыруға не дербес немесе басқа адвокаттармен бiрлесiп, сондай-ақ заңды тұлғаны тiркемей-ақ жеке дара адвокаттық кеңсе құруға құқылы.

Адвокат тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында құрылған және әрекет ететін адвокаттар алқасының мүшесі болуға тиіс.

Заңды тұлғаны тіркемей-ақ кәсіптік қызметін дара жүзеге асыратын адвокаттың азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауға, адвокаттық іс жүргізуді сақтауды және адвокаттық құпияны сақтауды қамтамасыз ету үшін жағдай жасауға қажетті қызметтік үй-жайы болуға міндетті.

Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 2003.06.03. N 425, 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен. 

20-бап. Адвокаттар алқасы

1. Адвокаттар алқасын адвокаттық қызметпен айналысуға құқығы бар адамдар құрады.

2. Адвокаттар алқасы жеке және заңды тұлғаларға бiлiктi заң көмегiн көрсету үшiн, адвокаттардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiру және қорғау үшiн, осы Заңда белгiленген өзге де мiндеттердi орындау үшiн құрылатын адвокаттардың коммерциялық емес, кәсiби, өзiн-өзi басқаратын және өзiн-өзi қаржыландыратын ұйымы болып табылады.

3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында адвокаттардың бiр ғана алқасы құрылып, жұмыс iстеуге тиіс, ол басқа облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында өзінің құрылымдық бөлімшелерін (филиалдары мен өкілдіктерін) құруға құқылы емес.

Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында адвокаттар алқасы болмаған жағдайда, ол осы Заңның 7-бабының талаптарына сәйкес келетiн кемiнде он құрылтайшының бастамашылығымен құрылады.

Адвокаттар алқасын құруға мемлекеттiк органдардың арнайы рұқсаты талап етiлмейдi.

Адвокаттар алқасының атауы аумағында өзi құрылған әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң атауын қамтуға тиiс.

4. Адвокаттар алқасының негiзгi мiндеттерi:

1) адвокаттық қызметтi жүзеге асыру кезiнде алқа мүшелерiне жәрдемдесу, кәсiби көмек көрсету және оларды қорғау;

2) алқа мүшелерiнiң қызметiн материалдық-техникалық және анықтамалық-ақпараттық қамтамасыз ету;

3) адвокаттық қызметтi жүзеге асыруға кәсiптiк бақылауды ұйымдастыру;

4) алдын ала тергеу және сот органдарының белгiлеуi бойынша тегiн заң көмегiн көрсету (осы Заңның 6-бабы) мен қорғауды ұйымдастыру болып табылады.

5. Адвокаттар алқасы заң консультацияларын құрады.

6. Адвокаттар алқалары Республикалық адвокаттар алқасына бірігеді.

Ескерту. 20-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 2003.06.03 N 425, 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен; 03.07.2013 № 121-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

21-бап. Адвокаттар алқасының жарғысы

1. Адвокаттар алқасының жарғысы:

1) адвокаттар алқасының атауын, қызметiнiң мәнi мен мақсаттарын;

2) адвокаттар алқасы мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн;

3) адвокаттар алқасына мүшелiкке қабылдау, мүшелiктi тоқтата тұру мен тоқтату тәртiбiн;

4) адвокаттар алқасының құрылымын, оның органдарының қалыптасу тәртiбi мен құзыретiн;

5) заң консультацияларын құру мен олардың жұмыс iстеу тәртiбiн;

6) мүлiк жинау көздерi мен оған иелiк ету тәртiбiн;

7) мүшелiк жарнаны төлеу тәртiбiн;

8) адвокаттардың тегiн заң көмегiн көрсету тәртiбiн және адвокаттар арасында сот, анықтау және алдын ала тергеу органдарының тағайындауы бойынша заң көмегiн бөлу тәртiбiн;

9) Адвокаттарды аттестаттаудан өткізу тәртібі туралы қағиданың негізінде адвокаттарды аттестаттаудан өткізу тәртібін;

10) адвокаттар алқасы мүшелерiнiң және адвокаттардың тағлымдамадан өтушiлердiң тәртiптiк жауапкершiлiгi мен оған тарту тәртiбiн;

11) адвокаттық қызметпен айналысуға лицензиясының қолданысын тоқтату туралы талап-арызды дайындау туралы өтiнiш жасау тәртiбiн;

12) адвокаттар алқасын қайта ұйымдастыру мен тарату тәртiбiн;

13) адвокаттар алқасы таратылған жағдайда мүлiктiң тағдырын көздеуге тиiс.

2. Адвокаттар алқасының жарғысы заңдарға қайшы келмейтiн өзге ережелердi де қамтуы мүмкiн.

Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

22-бап. Адвокаттар алқасының органдары

1. Адвокаттар алқасының жоғары органы алқа мүшелерiнiң жалпы жиналысы (конференциясы); оның атқарушы органы – төралқа; бақылаушы органы – тексеру комиссиясы болып табылады.

2. Жарғыда көзделген реттерде адвокаттар алқасында адвокаттар алқасы мүшелерiнiң жалпы жиналысы (конференциясы) қабылдайтын ережелер негiзiнде жұмыс iстейтiн басқа органдар құрылуы мүмкiн.

23-бап. Адвокаттар алқасы мүшелерiнiң жалпы жиналысы (конференциясы)

1. Жалпы жиналыс (конференция) адвокаттар алқасы қызметiнiң кез келген мәселелерiн шешуге құқылы.

2. Жалпы жиналыстың (конференцияның) ерекше құзыретiне мыналар жатады:

1) адвокаттар алқасының Жарғысын және Жарғыға өзгерiстер енгiзу туралы шешiмдер қабылдау;

2) төралқаны, төралқа төрағасын, тексеру комиссиясын, тексеру комиссиясының төрағасын сайлау;

3) Жарғыда көзделген басқа органдарды және олардың басшыларын сайлау, осы органдар туралы ережелердi бекiту;

4) адвокаттар алқасы органдарының, адвокаттар алқасы басшылары мен қызметкерлерiнiң қызметi туралы есептердi тыңдау және бекiту;

5) Алынып тасталды – ҚР 2009.12.11 N 230-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6) Алынып тасталды – ҚР 2009.12.11 N 230-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

7) органдардың және адвокаттар алқасы басшылары мен қызметкерлерiнiң шешiмдерiне адвокаттардың шағымдарын қарау;

8) адвокаттар алқасының басшылары мен қызметкерлерiн мерзiмiнен бұрын керi шақыру;

9) адвокат өзін алқаға мүшелікке қабылдаған күннен бастап алты айдың ішінде төлейтін және тек қана адвокаттар алқасының материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік базасын нығайтуға жұмсалатын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде белгіленген айлық есептік көрсеткішке еселенген мөлшерде есептелетін бастапқы нысаналы жарна ставкаларын белгілеу;

10) Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде белгіленген айлық есептік көрсеткішке еселенген мөлшерде есептелетін ай сайынғы мүшелік жарна ставкаларын белгілеу жатады, бұл ретте кәсіптік қызметін ауылдық елді мекендерде жүзеге асыратын не бір жылдан аспайтын адвокаттық қызмет өтілі бар адвокаттар белгіленген ставканың елу пайызы мөлшерінде ай сайынғы мүшелік жарналарды төлейді.

3. Жалпы жиналыс (конференция) адвокаттар алқасы мүшелерiнiң жалпы санының үштен екiсi немесе, тиiсінше, конференция сайлаған делегаттар құрамы болған жағдайда шешiмдер қабылдауға құқылы.

4. Жалпы жиналысты (конференцияны) жылына кемiнде бiр рет адвокаттар алқасының төралқасы шақырады. Тексеру комиссиясының немесе алқа мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде төрттен бiрiнiң талап етуi бойынша алқа төрағасы отыз күн iшiнде жалпы жиналысты (конференцияны) шақыруға мiндеттi.

5. Адвокаттар алқасының Жарғысында жалпы жиналыстың (конференцияның) ерекше құзыретiне жататын өзге мәселелер көзделуi мүмкiн.

Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

24-бап. Адвокаттар алқасының төралқасы

1. Адвокаттар алқасының төралқасы жасырын дауыспен төрт жыл мерзiмге сайланады.

2. Адвокаттар алқасының төралқасы:

1) адвокаттар алқасының жеке және заңды тұлғаларға заң көмегiн, соның ішінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен адвокаттар көрсететін заң көмегін көрсету жөнiндегi жұмысын ұйымдастырады;

2) жалпы жиналыстың (конференцияның) шешiмдерiн орындауды ұйымдастырады, жалпы жиналысты (конференцияны) шақырады;

3) адвокаттардың кәсiби және өзге де құқықтарын қорғайды;

4) адвокаттар алқасының мүшелiгiне қабылдауды жүзеге асырады, алқа мүшелiгiнен шығарады, адвокаттардың тағлымдамадан өтушiлерiн даярлауды ұйымдастырады;

4-1) алып тасталды – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

4-2) адвокаттардың қызметі туралы олардың жинақталған есептерін Республикалық адвокаттар алқасына тоқсан сайын ұсынады;

4-3) адвокаттық қызметін ауылдық елді мекенде кемінде үш жыл міндетті түрде жүзеге асыру шартымен адвокаттар алқасына мүше болып қабылданатын адвокаттарды бастапқы нысаналы жарна төлеуден босатады;

4-4) жүктілігі және тууы бойынша не бала үш жасқа толғанға дейін оны күтіп-бағу бойынша демалыста болған кезеңінде адвокаттарды және уақытша еңбекке жарамсыздығы салдарынан қатарынан екі айдан астам адвокаттық қызметті жүзеге асырмаған адвокаттарды ай сайынғы мүшелік жарнаны төлеуден босатады;

5) адвокаттың әрекеттерiне жеке және заңды тұлғалардан түскен шағымдарды (ұсыныстарды) тексеру жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;

6) адвокаттардың тәртiптiк терiс қылықтары туралы материалдарды қарайды және кiнәлi адамдарға тәртiптiк жаза қолданады;

7) адвокаттарды аттестациялауды өткiзудi және олардың кәсiби бiлiктiлiгін арттыру жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;

8) осы Заңда көзделген негiздер бойынша лицензиарға адвокатқа қатысты адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы талап-арызды дайындау туралы өтiнiш береді;

8-1) адвокаттардың Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауы бойынша жұмысты ұйымдастырады;

9) адвокаттардың кәсiби деңгейiн көтеру жөнiндегi шараларды жүргiзедi, оң жұмыс тәжiрибесiн талдайды, қорытады және таратады;

10) кодификациялық-анықтамалық жұмысты жүргiзудi ұйымдастырады, адвокаттық қызмет мәселелерi бойынша әдiстемелiк құралдар мен ұсынымдар әзiрлейдi және басып шығарады;

11) заң консультацияларын құрады, олардың меңгерушiлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

12) адвокат куәлiгiн бередi, оның нысанын Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi бекiтедi;

13) адвокаттар алқасының қаражатына Жарғы мен жалпы жиналыс (конференция) белгiлейтiн тәртiппен иелiк жасайды;

14) бухгалтерлік есептің, қаржылық есептіліктің жүргізілуін, іс қағаздарын жүргізуді және алғашқы статистикалық деректерді қалыптастыруды ұйымдастырады;

14-1) адвокаттар алқасының мүлкіне билік ету тәртібін белгілейді;

15) адвокаттар алқасы мүшелерiнiң жалпы жиналысының (конференциясының) ерекше құзыретiне жатқызылғандарды қоспағанда, адвокаттар алқасы қызметiнiң өзге де мәселелерiн шешедi.

Ескерту. 24-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 2003.06.03 N 425, 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.08.2015 № 343-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

25-бап. Адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы

1. Өзі сайланған күнге дейін кемiнде екi жыл тiкелей адвокаттар алқасының мүшесi болған адвокат адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы болып сайлана алады.

Адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайланады.

Бұл ретте бір адам қатарынан екі мерзімнен артық адвокаттар алқасының төрағасы лауазымында бола алмайды.

2. Алқаның жарғысына сәйкес адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы:

1) төралқаның жұмысын ұйымдастырады, оның отырыстарында төрағалық етеді және төралқа, алқа мүшелерiнiң жалпы жиналыстары (конференциялары) шешiмдерiнiң орындалуына бақылауды жүзеге асырады;

2) төралқа аппаратының жұмысына басшылық жасайды, алқа аппаратының қызметкерлерiн жұмысқа қабылдауды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады;

3) мемлекеттік органдарда, қоғамдық бірлестіктерде, басқа да ұйымдар мен мекемелерде адвокаттар алқасы атынан өкілдік етеді;

4) адвокаттық қызметті ұйымдастырудың адвокат таңдаған нысанын және заңды мекенжайын көрсетіп, адвокаттар алқасына мүше болып кірген лицензиаттар туралы, сондай-ақ шығарылу себебін көрсете отырып, адвокаттар алқасы мүшелігінен шығарылғандар туралы мәліметтерді лицензиарға ұсынуды қамтамасыз етеді;

5) адвокаттар көрсеткен заң көмегі туралы статистикалық мәліметтерді қоса алғанда, адвокаттар алқаларының қызметі туралы есепті Республикалық адвокаттар алқасына ұсынуды қамтамасыз етеді;

6) адвокаттар көрсеткен тегін заң көмегі туралы және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды бюджет қаражаты есебінен өтеу туралы жиынтық есепті аумақтық әділет органына уақтылы ұсынуды қамтамасыз етеді;

7) адвокаттардың тағылымдамадан өтушiлерінің тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етеді;

8) адвокаттарды кәсiптік оқыту бағдарламасын iске асыруды қамтамасыз етедi.

Адвокаттар алқасының төралқасы төрағасының басқа да өкілеттіктері адвокаттар алқасының жарғысында айқындалады.

Ескерту. 25-бап жаңа редакцияда – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 N 123-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

26-бап. Адвокаттар алқасының тексеру комиссиясы

1. Адвокаттар алқасының тексеру комиссиясы оның бақылау-тексеру органы болып табылады.

2. Тексеру комиссиясы, оның төрағасы алқа мүшелерiнiң жалпы жиналысында (конференциясында) төрт жыл мерзiмге сайланады.

3. Тексеру комиссиясы адвокаттар алқасының, заң консультацияларының, адвокаттық кеңселердiң қаржы-шаруашылық қызметiне, сондай-ақ жеке дара жұмыс iстейтiн адвокаттардың қаржылық қызметiне тексеру жүргiзедi.

27-бап. Адвокаттар алқасына мүшелiк

1. Адвокаттар алқасына мүшелiк мiндеттi болып табылады.

Осы Заңның 7-бабының 2-тармағында көзделген мән-жайлардың бірінің анықталуы адвокаттар алқасына мүшелікке қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылады.

Адвокаттар алқасына мүшелiкке қабылдаудан бас тартуға сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.

2. Кiсi алқадан шығарылған, бiрақ адвокаттық қызметпен айналысуға лицензиясын сақтап қалған жағдайда ол шығарылған сәттен бастап кемiнде алты ай өткеннен кейiн алқаға қайта қабылдануы мүмкiн. Бұл кезеңде адвокаттық қызметтi жүзеге асыруға жол берiлмейдi.

Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 

28-бап. Адвокаттар алқасы мүшесiнiң құқықтары

1. Адвокаттар алқасы мүшесiнiң:

1) алқаның, оның органдары мен лауазымды адамдарының жәрдемiн, кәсiби көмегiн және қорғауын пайдалануға;

2) адвокаттар алқасының органдарына сайлауға және сайлануға;

3) адвокаттар алқасы органдары алдына алқа қызметiне қатысты мәселелер қоюға, алқа мен оның органдарының жұмысын жақсарту жөнiнде ұсыныстар енгiзуге, шешiмдердi талқылау мен қабылдауға қатысуға, адвокаттар алқасы органдарынан олардың қызметi туралы құжаттар мен материалдар берудi талап етуге;

4) алқа органдары оның қызметiн немесе мiнез-құлқын тексерген және талқылаған барлық жағдайларда өзi қатысуға;

5) алқаның жарғысында белгiленген тәртiп пен шарттарда адвокаттар алқасының мүлкiн пайдалануға;

6) өз бастамасымен алқа құрамынан шығуға құқығы бар.

2. Адвокаттар алқасының мүшелерi өзiнiң құқықтары мен мiндеттерi жөнiнен тең болады.

29-бап. Адвокаттар алқасы мүшесiнiң мiндеттерi

1. Адвокаттың осы Заңның 15-бабында көзделген жалпы мiндеттерінен басқа, адвокаттар алқасының мүшесi:

1) адвокаттар алқасы жарғысының талаптарын сақтауға;

2) адвокаттар алқасы мен оның органдарының жалпы жиналысының шешiмдерiн орындауға;

3) бастапқы нысаналы және ай сайынғы мүшелік жарналарды төлеуге;

4) адвокаттар алқасының төралқасына өз жұмысы туралы статистикалық есепті ұсынуға;

5) тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде) өзгерген жағдайда, адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияны қайта ресiмдеу туралы өтiнiштi Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен және шарттармен лицензиарға беруге;

6) өзінің заңды мекенжайының өзгергені туралы адвокаттар алқасының төралқасына хабарлауға;

7) ол көрсеткен заң көмегiнiң сапасына жеке және заңды тұлғалардың шағымдары бойынша тексеру үшiн қажетті материалдарды адвокаттар алқасының төралқасына ұсынуға міндетті.

2. Адвокаттар алқасының мүшесі бастапқы нысаналы және ай сайынғы мүшелiк жарналарды төлеу мiндеттемесiнен басқа, адвокаттар алқасының алдында өзгедей біржақты мүлiктiк мiндеттемелер алмауға тиіс.

Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді – ҚР 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

30-бап. Адвокаттардың тәртiптiк жауапкершiлiгi

1. Қазақстан Республикасы заңнамасының, Адвокаттардың кәсiптік әдебі кодексiнiң, адвокаттар алқасы жарғысының талаптарын бұзғаны үшiн адвокат мынадай тәртiптiк жауапкершiлiк шараларының бiрiне тартылады:

1) ескерту;

2) сөгiс;

3) қатаң сөгiс;

4) адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы талап-арызды дайындау туралы лицензиарға өтiнiш бере отырып, адвокаттар алқасынан шығару.

2. Тәртiптiк iс жүргiзу адвокаттар алқасы төралқасының құзыретiне жатады.

3. Адвокаттың Қазақстан Республикасы заңнамасының, Адвокаттардың кәсiптік әдебі кодексiнiң, адвокаттар алқасы жарғысының талаптарын бұзғанын көрсететін жеткілікті деректердің болуы тәртiптiк iс жүргiзудi қозғау үшiн негіз болып табылады.

4. Әділет органдары тәртiптiк iс жүргiзу туралы ұсыныс енгізген жағдайда оны қарау әділет органы өкілінің қатысуымен жүзеге асырылады. Қараудың уақыты және орны тиісті түрде хабарланған әділет органы өкілінің келмеуі тәртiптiк iсті қарауға кедергі болмайды.

5. Тәртіптік жазалар қолданудың, оларды алып тастаудың және оларға шағым жасаудың тәртібі адвокаттар алқасының жарғысында айқындалады.

Адвокаттың тәртiптiк терiс қылық жасағаны үшiн бiр тәртiптiк жаза ғана қолданылуы мүмкiн.

6. Адвокаттар алқасы төралқасының тәртiптiк жаза қолдану туралы шешiмiне адвокат сот тәртiбiмен шағым жасауы мүмкін.

7. Егер тәртіптік жаза қолданылған күннен бастап алты ай iшiнде адвокат жаңа тәртіптік жазаға тартылмаса, ол тәртіптік жазаға тартылмаған болып есептеледi.

Ескерту. 30-бап жаңа редакцияда – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

31-бап. Адвокаттар алқасынан шығару

1. Адвокатты алқадан адвокаттар алқасының төралқасы мынадай жағдайларда:

1) адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиясынан айырылған немесе қолданылуы тоқтатылған;

2) адвокат өз міндеттерін орындау кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары мен нормаларын, адвокаттар алқасының жарғысында бекітілген адвокатураны ұйымдастыру және оның қызметінің принциптерін, адвокаттардың кәсіби әдебі ережелерін өрескел не бірнеше рет бұзған;

3) бiлiктiлiгiнiң жеткiлiксiздiгi салдарынан адвокаттың өз кәсiби мiндеттерiн орындай алмайтыны анықталған;

4) мүшелiк жарнаны ұдайы төлемеген;

5) кәсiпкерлiк қызметпен, сондай-ақ өзге де ақы төленетiн қызметпен айналысқан;

6) өз тiлегi бойынша;

7) алқа Жарғысында көзделген өзге де жағдайларда шығарады.

2. Осы баптың 1-тармағының 2), 3)-тармақшаларында көзделген негiздер бойынша адвокатты алқадан шығару адвокаттық қызметпен айналысуға лицензиясының қолданысын тоқтатуға әкеп соғады.

3. Алқадан шығаруға алқа төралқасының шығару туралы қаулысының көшiрмесi адвокатқа берiлген күннен бастап бiр ай мерзiмде сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.

Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 2003.06.03 N 425, 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.12.28 N 523-IV(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

32-бап. Заң консультациясы

1. Азаматтарға білікті заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін адвокаттар алқасының төралқасы заң консультацияларын, оның ішінде мамандандырылған заң консультацияларын құрады.

2. Заң консультациясы орналасатын жердi адвокаттар алқасының төралқасы белгiлейдi.

3. Заң консультациясы адвокаттар алқаларының құрылымдық бөлiмшесi (филиалы) болып табылады. Оның өз атауы мен тиiстi адвокаттар алқасына тиесiлiлiгi белгiленген мөрi мен мөртаңбасы, заң көмегiн көрсетудi ұйымдастыру үшiн қажеттi өзге де атрибутикасы болады. Заң консультациясы адвокаттар алқасының жалпы жиналысы (конференциясы) бекiткен Ереже негiзiнде iс-қимыл жасайды.

4. Заң консультациясын адвокаттар алқасының төралқасы тағайындайтын меңгерушi басқарады.

Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

33-бап. Адвокат кеңсесi

1. Адвокат кеңсесi мекеме нысанындағы коммерциялық емес ұйым болып табылады.

2. Адвокат кеңсесi адвокаттардың заң көмегiн көрсетуiнiң материалдық, ұйымдастырушылық-құқықтық және өзге де шарттарын қамтамасыз ету мақсатында құрылады /ұйымдастырылады/.

3. Адвокат кеңсесiн адвокаттар алқасының мүшесi (мүшелерi) құрады.

Адвокат тек бiр ғана адвокат кеңсесiнiң құрылтайшысы (тең құрылтайшысы) бола алады.

4. Бiр адвокат құрған адвокат кеңсесi өз қызметiн Жарғының негiзiнде жүзеге асырады.

Адвокат кеңсесiн бiрнеше адвокат құрған жағдайда Құрылтай шарты да құрылтай құжаты да болуы мүмкiн.

Адвокат кеңсесiнiң құрылтайшысы (құрылтайшылары) мемлекеттiк тiркеуден өткен соң күнтізбелік он күн ішінде бұл туралы тиiстi адвокаттар алқасын жазбаша хабардар етуге және адвокат кеңсесiнiң құрылтай құжаттарын оның иелігіне ұсынуға мiндеттi.

5. Адвокат кеңселерiн құруға мемлекеттiк органдардың арнайы рұқсаты талап етiлмейдi.

Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

33-1-бап. Адвокаттық қызметті жеке-дара жүзеге асыру

1. Кәсіби қызметті жеке-дара жүзеге асыруға шешім қабылдаған адвокат бұл туралы адвокаттар алқасын хабардар етеді. Хабарламада адвокаттың тегі, аты, әкесінің аты (ол болғанда), оның тұрақты тұратын жері көрсетіледі.

2. Кәсіби қызметті заңды тұлға құрмай жеке-дара жүзеге асыратын адвокат банктерде есеп айырысу және өзге де шоттар, жеке мөр, мөртабандар, жеке бланкілер иеленуге құқылы.

Ескерту. Заң 33-1-баппен толықтырылды – ҚР 2003.06.03 N 425 Заңымен, өзгеріс енгізілді – ҚР 2011.12.28 N 523-IV(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

33-2-бап. Республикалық адвокаттар алқасы

1. Республикалық адвокаттар алқасы адвокаттар алқаларының міндетті мүшелігіне негізделген, коммерциялық емес, тәуелсіз, кәсіптік, өзін-өзі басқаратын, өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болып табылады.

2. Республикалық адвокаттар алқасы адвокаттық өзін-өзі басқару ұйымы ретінде Қазақстан Республикасындағы және одан тысқары жерлердегі мемлекеттік және өзге де ұйымдарда адвокаттар алқалары мен адвокаттардың мүдделеріне өкілдік ету және оларды қорғау, адвокаттар алқаларының қызметін үйлестіру, адвокаттар көрсететін заң көмегінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында құрылады.

3. Республикалық адвокаттар алқасын Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы құрады.

4. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысын Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы қабылдайды.

5. Республикалық адвокаттар алқасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге жатады.

6. Республикалық адвокаттар алқасын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

7. Республикалық адвокаттар алқасының және оның органдарының өздерінің құзыреті шегінде қабылданған шешімдері адвокаттар алқалары үшін міндетті.

Ескерту. 3-тарау 33-2-баппен толықтырылды – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

33-3-бап. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысы

1. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысында:

1) Республикалық адвокаттар алқасының атауы, қызметінің нысанасы мен мақсаттары;

2) Республикалық адвокаттар алқасы мүшелерінің құқықтары мен міндеттері;

3) Республикалық адвокаттар алқасының құрылымы, оның органдарының құрылу тәртібі және құзыреті;

4) мүлкін қалыптастыру көздері және оған иелік ету тәртібі;

5) адвокаттар алқалары жүзеге асыратын аударымдар мөлшері мен тәртібі;

6) Республикалық адвокаттар алқасын қайта ұйымдастыру және тарату тәртібі көзделуге тиіс.

2. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысы Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелерді қамтуы мүмкін.

Ескерту. 3-тарау 33-3-баппен толықтырылды – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

33-4-бап. Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы

1. Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы Республикалық адвокаттар алқасының жоғары органы болып табылады, ол кемінде екі жылда бір рет шақырылады. Егер конференция жұмысына сайланған делегаттар санының кемінде үштен екісі қатысқан болса, ол заңды деп саналады.

2. Конференция Республикалық адвокаттар алқасының кез келген мәселелерін шешуге құқылы.

Конференцияның айрықша құзыретіне:

1) Республикалық адвокаттар алқасының жарғысын қабылдау және оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу;

2) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының орналасатын жерін айқындау;

3) адвокаттар алқаларынан Республикалық конференцияға делегаттардың өкілдік ету нормасын бекіту;

4) Адвокаттардың кәсіптік әдебі кодексін әзірлеу мен бекіту және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

5) Адвокаттардың аттестаттаудан өту тәртібі туралы ережені әзірлеу және бекіту;

6) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасын сайлау;

7) Республикалық адвокаттар алқасының тексеру комиссиясын сайлау;

8) адвокаттар алқалары Республикалық адвокаттар алқасының ортақ қажеттіліктеріне жүзеге асыратын аударымдар мөлшері мен тәртібін айқындау;

9) Республикалық адвокаттар алқасын ұстауға арналған шығыстар сметасын бекіту;

10) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының есебін, оның ішінде Республикалық адвокаттар алқасын ұстауға арналған шығыстар сметасының орындалуы туралы есепті бекіту;

11) тексеру комиссиясының Республикалық адвокаттар алқасының қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелері туралы есебін бекіту;

12) конференция регламентін бекіту;

13) Республикалық адвокаттар алқасының жарғысында және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.

Ескерту. 3-тарау 33-4-баппен толықтырылды – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

33-5-бап. Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы

1. Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы Республикалық адвокаттар алқасының алқалы атқарушы органы болып табылады.

2. Төралқаны Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайлайды.

3. Төралқа мүшелерінің санын Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы айқындайды. Төралқаның құрамында әрбір адвокаттар алқасының өкілдігі қамтамасыз етілуге тиіс.

4. Төралқа:

1) Республикалық адвокаттар алқасының жұмысын ұйымдастырады;

2) Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады;

3) өз құрамынан Республикалық адвокаттар алқасының төрағасын жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайлайды. Бұл ретте бір адам қатарынан екі мерзімнен артық төраға лауазымында бола алмайды;

4) конференциялардың арасындағы кезеңде төралқаның және тексеру комиссиясының осы Заңда көзделген негіздер бойынша адвокаттар алқасының мүшесінен шығарылған мүшелерінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімдер қабылдайды;

5) Қазақстан Республикасындағы және одан тысқары жерлердегі мемлекеттік және өзге де ұйымдарда Республикалық адвокаттар алқасынан өкілдік етеді;

6) адвокаттар алқаларының қызметін үйлестіреді;

7) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне адвокаттар көрсеткен заң көмегі туралы статистикалық мәліметтерді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі бекітетін нысан бойынша ұсынады;

8) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне Тағылымдамадан өтушілердің тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережеге ұсынымдарды енгізеді;

9) адвокаттардың кәсіби деңгейін арттыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады, адвокаттарды және олардың көмекшілерін кәсіптік даярлаудың бірыңғай әдістемесін әзірлейді;

10) адвокаттардың әлеуметтік және кәсіптік құқықтарын қорғайды;

11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен адвокаттық қызметке жататын мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптама жасауға қатысады;

12) адвокаттар алқаларының қызметі туралы олардың есептерін тоқсан сайын жинақтап қорытады;

13) адвокаттар алқаларының тәртіптік практикасын жинақтап қорытады, оның нәтижелері бойынша ұсынымдар әзірлейді;

14) адвокаттық қызмет мәселелері бойынша әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

15) адвокаттар алқаларын ақпараттық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

16) кемінде екі жылда бір рет Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясын шақырады, оның күн тәртібін қалыптастырады;

17) сметаға және мүліктің мақсатына сәйкес Республикалық адвокаттар алқасының мүлкіне иелік етеді;

18) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының регламентін бекітеді;

19) Республикалық адвокаттар алқасының эмблемасын бекітеді;

20) Республикалық адвокаттар алқасының жарғысында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

5. Тексеру комиссиясының немесе адвокаттар алқалары жалпы санының кемінде үштен бірінің талап етуі бойынша Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы екі ай ішінде кезектен тыс Республикалық конференцияны шақыруға міндетті.

6. Төралқаның шешімдері оның отырысына қатысқан мүшелері жалпы санының жай көпшілік даусымен қабылданады.

Ескерту. 3-тарау 33-5-баппен толықтырылды – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

33-6-бап. Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы

Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:

1) мемлекеттік және өзге де ұйымдарда, сондай-ақ жеке тұлғалармен қарым-қатынаста Республикалық адвокаттар алқасынан өкілдік етеді;

2) Республикалық адвокаттар алқасының атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

3) сенімхаттар береді;

4) Республикалық адвокаттар алқасының атынан мәмілелер жасасады және сметаға және мүліктің мақсатына сәйкес Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының шешімі бойынша Республикалық адвокаттар алқасының мүлкіне иелік етеді;

5) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының отырыстарын шақырады;

6) Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы шешімдерінің және Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді.

Ескерту. 3-тарау 33-6-баппен толықтырылды – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

33-7-бап. Республикалық адвокаттар алқасының тексеру комиссиясы

1. Тексеру комиссиясы Республикалық адвокаттар алқасының қаржы-шаруашылық қызметіне ішкі бақылау функцияларын жүзеге асыратын оның бақылаушы органы болып табылады.

2. Тексеру комиссиясын Адвокаттар алқалары делегаттарының республикалық конференциясы жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайлайды.

3. Тексеру комиссиясы өз құрамынан тексеру комиссиясының төрағасын сайлайды. Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының мүшесі тексеру комиссиясының мүшесі бола алмайды.

Ескерту. 3-тарау 33-7-баппен толықтырылды – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

33-8-бап. Республикалық адвокаттар алқасының мүлкі

1. Республикалық адвокаттар алқасының мүлкі адвокаттар алқалары жүзеге асыратын аударымдар, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен заңды және жеке тұлғалардан түсетін гранттар мен қайырымдылық көмек (қайырмалдықтар) есебінен құралады.

2. Республикалық адвокаттар алқасының ортақ қажеттіліктеріне арналған шығындарға оны материалдық қамтамасыз етуге, адвокаттарға сыйақы беруге арналған шығыстар және олардың Республикалық адвокаттар алқасының органдарында жұмыс істеуіне байланысты шығыстардың өтемақысы, Республикалық адвокаттар алқасы аппараты қызметкерлерінің жалақысына арналған шығыстар және Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Республикалық адвокаттар алқасының сметасында көзделген өзге шығыстар жатады.

Ескерту. 3-тарау 33-8-баппен толықтырылды – ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР

Ескерту. 4-тарау алынып тасталды – ҚР 2009.12.11 N 230-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

Ескерту. Заң 5-тараумен толықтырылды – ҚР 2009.12.11 N 230-IV(2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

35-бап. Адвокаттар алқалары мүшелерінің кезектен тыс жалпы жиналыстарын (конференцияларын) өткізу

1. Адвокаттар алқалары делегаттарының бірінші Республикалық конференциясының делегаттарын сайлау үшін адвокаттар алқалары осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш ай ішінде адвокаттар алқалары мүшелерінің кезектен тыс жалпы жиналыстарын (конференцияларын) өткізуді ұйымдастырады.

2. Бірінші Республикалық конференция делегаттарының өкілдік ету нормасы елу адвокаттан біреуді құрайды, бірақ адвокаттар алқасынан үш адвокаттан кем болмайды.

3. Адвокаттар алқалары Қазақстан адвокаттар одағымен бірлесіп, осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде бірінші Республикалық конференцияны өткізуді ұйымдастырады.

4. Бірінші Республикалық конференция, егер оның жұмысына адвокаттар алқалары сайлаған делегаттардың кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып саналады.

5. Отырысты жүргізу үшін конференция делегаттары төралқа сайлайды.

6. Адвокаттар алқасы делегаттарының бірінші Республикалық конференциясының шешімдері конференцияға қатысқан делегаттардың жай көпшілік даусымен қабылданады.

7. Республикалық адвокаттар алқасы органдарының құрамына бірінші Республикалық конференцияның делегаттары болмаған адвокаттар сайлана алады.

Қазақстан Республикасының
Президентi